Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысы бойынша Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, 10 тамыз – хакімнің туған күні «Абай күні» болып белгіленді.
Сонымен, Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Егер әлемді індет жайламағанда, осы күндері Жидебай мен Қасқабұлақта ұлан-асыр той болып жатар еді. Алайда пандемияға қарамастан, Абай мұрасын түгендеу, елге жеткізу, әлемдік аренада насихаттау жұмысы тоқтаған жоқ. Біз бүгін театр әлеміндегі Абай образына қысқаша зер салып көргенді жөн көрдік. «Актердің бәрі Гамлетті сомдағысы келеді» деген қанатты сөзді қазақ театр майталмандарына қарата айтсақ, біздің актерлердің «Абай» болғысы келмейтіні кемде-кем. Сахнадан Абайша тіл қату, әлемге Абай көзімен қарау қаншалықты мәртебе болса, соншалықты жауапкершілікті де талап етсе керек.
«Абайға» 80 жыл
Биыл қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абай» спектаклінің сахналанғанына 80 жыл толып отыр. 1940 жылдың 30 қазанында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер – Асқар Тоқпанов «Абай» қойылымын қойып, Абайды алғаш сахнаға шығарған болатын. Қазақ Республикасының құрылғанына 20 жыл толуына орай сахналанған қойылым – қазақ театры тарихындағы Абай образының тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылуы еді. Сол кезде Абай бейнесін даңқты актер Қалибек Қуанышбаев сомдап, жұрт ықыласына бөленген екен. Қ.Қуанышбаевтың салған жолы кейін елге белгілі көптеген актерлерге үлгі болды. Бұл туралы белгілі театртанушы-ғалым, оқытушы Бағыбек Құндақбаев: «Абай рөлін ойнаған актерлер тобының шығуы – Қ.Қуанышбаев салған дара жолдың заңды жалғасы. Басы өзінің үзеңгілес досы Қапан Бадыровтан бастап, кешегі марқұм Ыдырыс Ноғайбаев, бүгінгі кішісі мен үлкені аралас – Амангелді Ысмайылов, Мүлік Сүртібаев, Төлеубек Аралбаев, Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеевтер жасаған Абай бейнесінде әрқайсысының қабілет-дарынына қарай қосқан үлесі бар…» – деген болатын. Иә, ол қойылымның бізге тек аңызы ғана жеткені болмаса, тұшымды ақпарат некен-саяқ. Тіпті, «Абай» қойылымдарының бертіндегілерінің болмаса, көбінің видеожазбалары да жоқ. Қалибек Қуанышбаевтың өмірі туралы естеліктерде замандастары оның Абай образын эпикалық тыныспен ашқанын тамсана жазады. Театртанушы Әшірбек Сығайдың: «Одан үйренер, өнеге-үлгі алар, зерттеп білер ғибратты тұстар мол. Сондықтан да болашақта ашылар Қалибек – Қаллекей мектебінің сыр-сипаты осынау ұлы сүрлеу әлемінің тылсым құпиясына үңілу, ашу болса керек. Қаллекей сұлу сомдаған Абай бейнесінің бір өзі неге тұрады! Ал «Қаллеккейдің» сахнадағы ғажап сөз саптау мәнері қазақ көрерменінің құлақ құрышын қандырар еді-ау…» – деп ағынан жарылғанын білеміз.
Осы 80 жыл ішінде Әуезов театрында Абай хақында онға жуық қойылым көрерменге ұсынылды.
Әуезов: «Абай - сенің рөлің емес»
«Абайды» Әуезов театрында екінші рет жаңғыртқан аты аңызға айналған тұлға Шәкен Айманов еді. Бұл қойылымның репетициясы ұзаққа созылғанын Қапан Бадыровтың мақаласынан білуге болады. Дайындық барысын Әуезовтің өзі келіп тамашалап, Аймановтың жұмысын қатты сынға алып, пьесаны қайта өңдеп, қойылым көріністерін қысқартуға да өзі араласқан. Әуезов не деді дейсіз ғой. «Абай» романының екі томдығынан режиссерлер құрастырған пьесаны мүлдем жаратпай, Абай рөлінде ойнаған Аймановты қойылымнан алып тастайды.
«Екі томдық мол материалдан бір пьеса құрастыра алмағансыздар, ұзын сырықтан бір қазық шығара алмаған балташыға ұқсайсыздар.
Бірінші актіде Абайдың жас шағын Атакелді Ысмайылов тым жақсы ойнап шықты. Ал екінші актіден бастап Абайды, Шәкен – сен ойнадың. Осы ісіңді өзіңе лайық көрдің бе? Бойың ұп-ұзын, ақсары, арықсың, бетің мынау әжім басқан, солбырап сахнаға шықтың. Ысмайыловқа тіпті жақын келмейсің. Қарадан қайта түлеп, ақшыл Абай болды деп кімді иландырмақсың? Басқа кемістігіңді қоя тұралық, Абайды ойнайтын болған соң, Ысмайыловтың орнына өзіңе ұқсастау талдырмаш, жұқалау аққұба баланы неге дайындамадың, қай түрде көрінсем де зритель қабылдай береді деймісің? Бұл болмайды, Абай сенің рөлің емес, таста», – деген Әуезов Аймановтың орнына Қапан Бадыровты лайық көрген әрі режиссерлер дайындаған 28 көріністі қысқартып, кейбірін бір-біріне қосып, 13-ке дейін түсірген, қойылым қашан дайын болғанша өзі театрдан шықпапты. Театртанушылар Абай туралы қойылымдардың ішінде осы нұсқаның қазақ театр өнерінің дамуына ерекше ықпал еткенін айтады. Өйткені осы қойылым Мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Қапан Бадыров өзінің Абай образы арқылы елге танылғанын айта келіп, даңқ пен мәртебені Абай арқылы алудың зор жауапкершілігі болғанын жасырмайды. Қалибек Қуанышбаевтан кейін өзіне бұйырған бірегей рөлдің арқасында елдің ыстық көңілін жаулаған актер өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, «Бадыровты өнер биігіне шығарған» ғұлама алдындағы парызын ақ-адал атқарып өткен санаулы тұлғаның біріне айналды.
Мәмбетовтың Абайы
Қазақ театр өнері десе, есім-сойы дараланып естілетін тұлғаның бірі – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық артисі, «Халық хаһарманы», қазақ театрының эстетикалық-танымдық тұрғыдан дамуына өлшеусіз үлес қосқан режиссер Әзірбайжан Мәмбетов. 1962 жылы «Абайды» үшінші мәрте сахналаған осы Әзекең. Абай образы бұл жолы театр өнерінің саңлақтары Ыдырыс Ноғайбаев пен Мүлік Сүртібаевтың ойнауында халыққа жетті. Қуанышбаев, Бадыровтардан кейін Абай әлемін театр сүйер қауымға жаңа деңгейде ұсынған Ноғайбаев пен Сүртібаевтың рөлін сол кездегі мәдени-рухани орта өте жоғары бағалап, «Қазақ театрының да өзге ел театрларынан еш кем емес» екеніне тоқталып, қазақ актерлерінің жаңа толқынының қуатына тәнті болысты. Бұл кезең соғыстан кейінгі «жылымық» дәуірінің басталған шағы еді. Қазақ руханиятының әр саласына мәйекті буын араласып, әдебиет, кино, театр, сурет өнері саласында лег-легімен келген таланттар шоғыры жасампаздықтың жаңа белесіне көтерілген тұс. «Ең алдымен, – дейді өнертанушы, драматург, Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбек «Мәмбетов мектебі» атты мақаласында, – Ә.Мәмбетов режиссурасы – ұлтымыздың өнер байлығы. Сахналық қойылым табысты болумен қатар, сәтсiз болуға да құқылы. Бiрақ қай спектакль болмасын өнер туындысы ретiнде қызықсыз болуына жол жоқ. Бұл қағида – Әзекеңнiң спектакльдерi арқылы тараған ұғым».
«Мәмбетов – қазақтың кәсіби театрының қалыптасуына зор үлес қосты» деген бағаға ешкім шүбә келтірмейді. «Мәмбетовтың Абайы – тұтас қазақ даласын көз алдыңызға әкелетін панорамасы алуан нұрлы, ойлы Абай», – деген тұжырымның тектен-тек шықпағанын Мәмбетов қайталай сахналаған «Абайдан» анық байқаймыз.
2000 жылдардың басында Әзірбайжан Мәмбетов сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Халық хаһарманы» атағын алғанда «қандай арманыңыз бар?» деген Президент сұрағына «Абайды» қайталап қойғым келеді», – депті. 2002 жылы режиссер Абайға қайта оралды. Бұл жолы ол қойылымның жаңа нұсқасын Болат Әбділмановқа арнап қойған. Актер Әбділманов мұны «маған Тәңірдің берген сыйы» деп қабылдағанын айтады.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер:
– Мен Абай арқылы өзімді таныдым. Оған дейін Мүсірепов театрында қойылған режиссер Райымбек Сейітметовтың «Қалың елім, қазағымда…» аға Абайдың рөлін сомдаған едім. Ол кезде Абайдың тереңіне бойладым дей алмаймын. Ал Мәмбетов қойған Абай мені көкке көтерді. Қаншама киноға түстім, театрда қаншама кейіпкерді сомдадым, бірақ барлық ел мені Абайды ойнаған актер деп таниды. Мен Абайды оқыған сайын тереңіне батамын. Қарасөздерін түгел жатқа білсем де, қайталап оқымасам, әлдебір киелі дүниені ұмытқандай, жаным жай таппайды.
Актер дәл осы қойылымнан кейін өзінің көрерменнің де, театр мамандарының да көзіне түскенін жиі еске алады. Баспасөзде Әшірбек Сығай, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдімбек, Нұрлан Оразалин қатарлы қаламгерлер арнайы тоқталып, Абай бейнесін сомдаған актер мен шығармашыл ұжымның ізденісіне толымды баға беріп, баспасөзде көптеген мақалалар жазылған-ды.
Обаевтың Абайы
ҚР Халық артисі Есмұхан Обаев 2010 жылы «Абай» трагедиясын қайта сахналады. Басты рөлді – Әуезов театрының актерлері Ерлан Біләл мен Азамат Сатыбалды сомдады. Бұл қойылым театртанушылар мен баспасөзде көптеген мақалаға арқау болғаны күні кеше. Обаевтың Абайы – философ, ойшыл Абай. Мұндағы сахналық аураның өзі көшпенділер дүниетанымының тереңін, сән-салтанатын көз алдыңызға әкеледі. Шымылдық ашылғанда-ақ көрермен Абай дәуіріне енгендей күй кешеді. Ал Абай образы – мұңын жанарына, ойын әр сөзіне сіңірген дала данышпанының қоғамдық ортадағы күйініші мен сүйініші арқылы арыдан сыр шертеді. Есмұқан Обаев қойған «Абай» театр репертуарынан әлі түскен жоқ.
Белгілі актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл осы рөлді ойдағыдай сомдау үшін режиссердің ақыл-кеңесінен бөлек, Абайдың шығармаларын және ақын туралы зерттеулерді індете оқып, Абай философиясын, өмір жолын ұзақ уақыт зерттегенін айтады. Актер «бүгінгі қоғам Абайды толық түсіне алған жоқ. Ақын айтқан «бес дұшпан» әлі соңымыздан қалар емес» деген ойда.
Ерлан БІЛӘЛ, актер:
– Бізде Абайды зерттеу, Абайды тану, Абайды іздеу бір сәт тоқтаған емес. Кинода, әдебиетте, театрда, басқа да өнер саласында Абайдың болмыс-бітімін айшықтайтын қаншама дүние жасалды. Десе де, Абайға жақындаудың орнына, Абайдан алыстап бара жатқандаймыз. Абай халық жүрегіне жеткен жоқ, өйткені, формализм басым. Абайды дәріптеу арқылы өзімізді көрсеткіміз келеді. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос», – деген сөзі Парламент қабырғасында жазулы тұр. «Соны біздің шенділер оқи ма, оқыса зердесіне тоқып, бір сәт ойлана ма екен» деген сауал көкейімнен кетпейді. Абай болып сахнаға шыққанда ұлы хакімнің мұң-зары жүрегіме жиналғандай өзге күйді бастан өткеремін. Абайды халықтың жүрегіне бойлату үшін формализмнен қашып, өзге форматта іздену керек. «Абайды» көрген көрерменнің бір сәт болса да, «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздейтіні ақиқат. Кез келген салада Абайды халыққа жеткізудің заманауи тәсілдерін іздесек, оны жай атақ-абырой үшін емес, өзімізге керекті имани шұғыла алуға тырыссақ, сонда ғана Абай аңсаған күнге тезірек жетер едік…
«Абайға эксперимент жасауға болмайды»
Қазір Әуезов театрында Абайға қатысты екі бірдей қойылымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Індет тоқтап, ел баяшат өміріне қайта оралса, театр көрермендері «Қара» және «Абайдың ұлы жұмбағы» атты қос бірдей қойылыммен қауышады. «Абайдың ұлы жұмбағын» драматург Мәдина Омарова мен актер Болат Әбділманов бірігіп жазған. Әбділмановтың айтуынша, бұл қойылымның репетициясы негізінен әзір. «Абаймен ауырып, Абаймен жазылатын» актер көп режиссердің Абайға эксперимент жасауға құштар екеніне налиды. Қазір «Қазақстан» Ұлттық арнасының тапсырысы бойынша режиссер Мұрат Бидосов Абай туралы 6 бөлімді сериал түсіріп жатыр. Басты рөлді актер Б.Әбділманов сомдайды.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер:
– Әдетте, режиссерлер: «Мен Абайдың ойын жеткізсем болды, оның түр-тұлғасы маңызды емес. Абайға эксперимент жасағым келеді» дейді. Айналайын-ау, Абайдың ойын кітаптан оқып-ақ білуге болады. Театр – образ. Абайдың образы маңызды. «Абайдың ұлы жұмбағында» мен Абай образын сомдаймын. Жасым алпыстан асты. Бұрын да Абайды ойнаған актермін. Ешқандай гримсіз, жасандылықсыз сахнаға шығамын. Көрермен шын Абайдың бейнесіне ұқсас тұлғаны көрсін деп отырмыз. Бұл – қойылымның бір ғана ерекшелігі.
Мәдениет министрі Райымқұловаға ұсыныс
Біз Абай туралы Әуезов театрында қойылған барлық қойылымдарға тоқталмадық. Ішіндегі сүбелі, соқталыларын ғана шолып өттік. Қуанышбаев, Бадыров, Сүртібаев, Ноғайбаев, Исмайылов, Жолтаев, Боранбаев, Кенжеев, Мейрамов, Мерекенов, Әбділманов, Толғанбай, Ақмолда, Біләл, Сатыбалдылар сомдаған Абайды қазақ көрермені өзінше танып, өзінше ой жүгіртті. «Абай – ұлы мұхит. Мен оның бетін ғана қалқып алдым» деп Әуезов айтқандай, театрдағы Абай образы да бір мақаланың көлеміне сияр жүк емес. Әуезов театрынан бөлек, еліміздегі өзге театрларда да «Абай» пьесасы сахналанды. «Қалың елім, қазағым…» (режиссері Р.Сейітметов), «Атымды адам қойған соң…» (режиссері Р.Ұлықбек), тағы басқа ондаған қойылымдар қойылды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Опера және балет театрында «Абай» операсы (режиссері – А.Жұбанов, Л.Хамиди) театр репертуарынан түскен емес. Мәдениет және спорт министрлігі Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында осы қойылымдарды хронологиялық тәртіппен зерттеп, көркем суретті кітап етіп шығарса, видеонұсқалары барларын жинақтап, арнайы арнайы зерттеу жұмысын қолға алса деген ниет бар. Бұл кішігірім шаруа емес. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ханым қолдау көрсетсе, абайтану мен өнертану саласының бір кетігі бүтінделер еді.
________________________________________________________________________________
АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫ – ТЕК АБАЙДЫ ТАНУ ЕМЕС
Абайтану – іргелі ғылым. Ғасырға жуық тарихы бар Абайтану ғылымы жай ғана ақын өмірі, шығармашылығы, философиялық ой-тұжырымы тұрғысынан ғана емес, Абай феноменінің замана көшінде адам санасына жасар ықпалының әр қырынан мазмұнды жаңа тақырыптар, соны ізденістер өрбітіп, түрлі мазмұнды қамтып келеді.
Абай тұлғасы мен өмірі, шығармашылығы тек әдебиетшілер мен философтардың, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың, мәдениеттанушылардың, жалпы гуманитарлық ғылым мамандарының зерттеу нысанына айналды десек, қателесер едік. Абай ойының жаһұты өнердің барлық саласына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Жұмбаққа толы кемеңгер толғамының тереңіне бойлауды мақсат тұтқан, сол арқылы өз өнерлерін биікке көтеруге талпынған, ақынмен ой таластырып, пікір алмасуды көздеген суретшілер, архитекторлар, композиторлар, мүсіншілер, кино және театр режиссерлары қаншама?! Егер соның бәрін рет-ретімен зерттеп, әр өнер саласы бойынша тұжырымдамалық концепция жасасақ, абайтану ғылымының бізге беймағлұм сырлары ашыла түсері даусыз. Өйткені Абайтану – тек Абайды танумен шектелмейді. Ол тұтас жүйені, қоғамдық процестердегі ұлттық сана-сезімнің даму потенциалын, Абай алға қойған тұлғалық кемелдену тұжырымының жеке адамдар санасына шашқан сәулесін, «өз Абайын» пір тұтқан өнердің әр саласындағы мамандардың эстетикалық талғам-таразысын да анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – абайтану ғылымының түгесілмес кен екенінің көрінісі. Дегенмен абайтану ғылымының осындай сан-саланы қамтитынына қарамастан, оның ұлт мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесін бағамдап, кейбір олқы тұстарын саралап, бір жүйеге түсіру ісінің кенже қалып отырғаны да жасырын емес. «Абайтану» орталықтары Абай шығармашылығының негізінде барлық өнер түрлері бойынша жасалған жұмыстарды жіті зерттеп, бастау көздері мен негізгі арнаны қалыптастырған тұлғаларды анықтап, осыған дейінгі жүлгесін қағазға түсірсе, бір кем дүниеміз толыға түсер еді. Бұл бірер адамның қолынан келер іс емес. Бұған тұтас құрылымның, мемлекеттік институттардың ортақ бағдарламасы керек. Айталық, қазақ және әлем суретшілері Абай портретінің сан алуан нұсқасын жасады. Сондай-ақ ақын шығармаларының жүлгесімен сан алуан мағынадағы көркем сурет салды. Тұтас галереялар. Абай тұлғасына суретшілердің қызығуы, шығармаларын тақырып етіп, суреттер салуы қай кезеңнен басталды, оны кім бастады, қазіргі жас суретшілер хакім шығармаларын қалай түсініп, қандай бағытта ізденіп жүр? Бұл сұрақтардың бәріне байыпты барлау жасау қажет-ақ. Біздегі «Абайтану» орталықтары ақынның өлеңдері мен қарасөздерінің текстологиялық бірізділігін толық жүйеге түсіріп болмағанын ескерсек, ақынды зерттеу жұмысында әлі де көптеген олқылық бар деуге болады.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,