Фото: ұйымдастырушылардан
Алматы қаласы Бостандық ауданы №70 жалпы білім беретін мектепте ерекше мереке өтті. Отбасы күніне орай «Әке, ана және мен – бақытты отбасы» атты отбасылық квест ұйымдастырылды.
Бұл шараға әрбір отбасынан әке, ана және бала қатысып, бірліктің, өзара қолдаудың және мейірімнің жарқын үлгісін көрсетті.
Квест кезеңдері:
«Эрудит» – балалар сұрақтарға жауап беріп, әр дұрыс жауап үшін «лайк» бейнесіндегі фишкаларды жинады.
«Дәрумен» – әкелер өз қиялдарына сай жеміс-жидек нарезкасын жасады, ал анасы мен баласы кеңес беріп, көмектесіп отырды.
«Шеберхана» – аналар түйме қадап, тігін ісімен айналысты. Әке мен бала көмек көрсетіп, түймелердің ретімен, ұқыптылығына мән берілді.
«Ғажайып әлемі» – отбасы мүшелері бірігіп, тақырыпқа сай аппликация жасады. Бұл жерде командалық рух пен шығармашылық ерекше байқалды.
«Чемпион» – спорттық эстафета өткізілді. Әке допты анасынан балаға беріп, барлығы бір команда ретінде әрекет етті.
Әрбір станциядан соң отбасыларға конверттер табысталды. Соңында оларды ашып, пазлдан өз отбасының суретін құрастырды. Ал суреттің астында квесттің басты ұраны жазылды: «Әке, ана және мен – бақытты отбасы».
Мектеп ұжымы ұйымдастырған бұл мерекенің басты мақсаты – отбасын біріктіру, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын нығайту, оларды шын мәнінде біртұтас команда екенін сезіндіру.
Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде ата-аналардың ризашылық сезімі айқын байқалды. Олар мектеп директоры Шара Сабырқызы Удуримоваға, ұстаздарға ұйымдастырушылық пен жауапкершілік үшін алғыстарын білдірді:
«Мұндай шаралар балалардың жүрегінде өшпестей із қалдырады. Бұл – отбасылық тәрбиені бекемдейтін, ата-ана мен баланы жақындастыратын тамаша бастама», – деді ата-аналардың бірі.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар мектеп дәстүрінде өз жалғасын табатыны сөзсіз.
