21 қаз, 2024 сағат 15:47

Ақбота Керімбекова Мұрат Әбділдәні сынап, министрлерге сауал жолдады

Фото: Turkystan.kz

Әнші Ақбота Керімбекова танымал блогер әрі әуесқой әнші Мұрат Әбділдәнің Республика сарайында ән салғанына шүйлікті

Ол аңыз әншілер өнер көрсеткен киелі Республика сарайында блогердің ән салып жүргеніне күйінді. Өнер иесі кәсіби білім алып, 30 жыл тынымсыз еңбек етіп қана бұл сахнаға зорға шыққанын алға тартты.

"Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Мұрат Әбілда деген адамның Республика сарайында ән салып тұрған видеосы тарады. Ойлаңызшы, Республика сарайында. Еліміздің тарихи-мәдени маңызды нысанында! Қазақтың мыңдаған таланты сол сахнаға шығуды армандаған, мыңдаған дарынды қазақ сол сахнаға шыға алмай, арманда кетті. Ол жігіт елдің азы мен тозы емес шығар, оның адами кескін-келбетіне тілімді тигізе алмаймын. Бір жағынан қарағанда оның Республика сарайында ән салғаны қылмыс та емес шығар. Бірақ, ағайындар-ау, Республика сарайының сахнасы - Роза Бағланова секілді аңыз адамның маңдай терімен салынған, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап ұлт тағдыры шешілген, ең маңызды тарихи шешімдер қабылданған, бірнеше күннен кейін тойланғалы тұрған Республика күнінің негізі болған тәуелсіздік деклорациясы қабылданған қасиетті орын емес пе еді?
Ол сахнаға шығу үшін бізден мың есе лайық әрі таланттырақ адамдар тағдырын арнады ғой, біздің өзіміз музыка мектебінде оқып, өнер академиясында кәсіби дағдымызды қалыптастырып, 30 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келе жатсақ та, тіземіз дірілдеп, зорға шығамыз. Өзімізге сенімсіздіктен емес, кішкентайымыздан жадымызда қалыптасқан киелі сахнаға деген құрметімізден. Жалпы айтқанда, ол сахна - мемлекеттің мінбері, ұлттың негізгі трибунасы, өте маңызды орын ғой. Енді сол ұлттық мінберге шыққысы келгеннің бәрі шыға бере ме?! Осы шенеуніктер өздеріне келгенде құқық талап еткіш, ар сақтағыш, дәл солай неге мемлекеттің бас сахнасын сақтамайды?! Мәдениет саласының ары да, намысы да - сахна. Сахнаға шығарған адамына, сахнада көрсеткен дүниесіне қарап саланың деңгейін көруге болады", - деп жазды Керімбекова. 


Оған қоса өнер иесі өзін Мұрат Әбілдаға көреалмаушылық танытып жатыр деп сынығандар жауап берді.

"Менің жазбамның мақсаты - сахна айналасындағы олқылықтарды бірінші басшыға тікелей жеткізу болған еді, ол мақсатына жетті. Алдағы уақытта, нақты нәтижелер болып жатса, оны өзім сіздерге хабарлап, баяндап отыратын боламын. Менің бұл жазбаммен бар қисық түзеліп, бар кемшілік оңала кетпес, дей тұрғанмен осылай жан-жақтан жанашырлық таныта берсек, халық алмайтын қамал жоқ! Сосын тағы бір айтатыным, "Мұрат Әбділдадан сахнаны қызғанып жатырсың ба? депті бір оқырмандарым… Іштей әбден күліп алып берер жауабым: әркім өз айналысып жүрген ісін, жасап жүрген жұмысын, еңбек етіп жатқан ордасының жай-күйіне алаңдауы, оның мәселелеріне бас қатыруы керек. Сахна - біздің жұмыс орынымыз. Мен өзім онда шығу үшін музыка мектебінде оқыдым, өнер академиясында кәсіби білім алдым, қанша сын-сараптан өттім, сөйтіп барып шыққан сахнам! Неге мен оған бас ауыртпауым керек?! Ол жердің жайын мен айтпағанда кім айтады?! Жастардың бәрі бірден жұлдыз болып кете алмайды", - деп жазды әнші.