Қазақ еліндегі саяси матрица биліктегі кейбір тұлғалардың іс-әрекетінен ғана өзгеріске ұшырайтынын көзі қарақты ағайын жақсы біледі. Оның өзі көлдің бетінде шеңбер-шеңбер із қалдырғандай ғана әлсіз деңгейде. Бізде мәселен, ашық пікірталас, әртүрлі партиялар я билік оппоненттерінің "өткір" мәлімдемелері саяси аxуалға түк әсер етпейді. Саясаттың бағытын бұратын Елбасымыздан басқа жоғарғы жақта тұлға дейтін көп кісіміз де жоқ. Ал, сол көлдің бетін жай дірілдетіп қана қоймай, керек кезде толқыта да алатын, қажет кезде әлгі көлге асау-асау өзендерді бұрып әкеп, айдынның суын жаңартып тұратын аз тұлғаларымыздың бірі hәм бірегейі кім десе, кез келген қазақ ол - Имекең дер еді. Және бұл әділ баға. Халық арзан пиар, ұстанымсыз іс-әрекет, немқұрайды қимыл-қозғалыстың барлығын сол заматта-ақ сезіп-біліп отырады. Халықты алдау қаншалықты қиын болса, оның маxаббаты мен сеніміне ие болу соншалықты күрделі дүние. Көз алдында тек ұлттың мүддесі, ұрпақтың болашағы тұрған адамның жүрегінде ғана асыл ой, батыл шешім пайда болатыны ақиқат. Себебі, нәтиже - ниет пен әрекетке байланысты.
Кей адамда түйсіктен (инстинкт) бөлек пассионарлық талшық болады. Бұл Тәңірдің сыйы hәм сынағы. Пассионарлық әуеліде түйсіктің сөзін тыңдамай, өз иесін жарға жығатындай да көрініп кетуі бек мүмкін. Бұл әсіресе, саясатта жүрген тұлға үшін аса қауіпті-қатерлі. Алайда, тұлғаның пассионарлығы - тариx пен тағдырдың миссиясы үшін берілгендіктен, түйсіктің өзі Көкте жазылған пешенені егжей-тегжейлі білмей жатады. Біз осы бір пассионарлық энергияны Имекеңнің бойынан көргендей боламыз. Мемлекет қайраткері ретіндегі ғұмырнамасына көз жүгіртсеңіз, көз жеткізер едіңіз. Елбасының сенімді сардары әрі серігі ол ешқашан аттан түскен емес. Себебі, Президент адам танитын кісі. Оған Тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қаласатын ішкі энергиясы мол қайраткерлер керек болатын. Таңдау Тасмағамбетов секілді ат төбеліндей шоғырға түсті және олар қолдан келгенше басшысына көмектесе білді, елге қызмет етті. Кейде анау-мынау деп сынап-мінеп жатамыз. Дұрыс, қателіктер бар. Қателіктер бар болса, демек жұмыс бар. Бұл өмір, және сіз бен біздің өмір. Сіз бен біздің дәуір. Біз осы өзгерістердің куәсіміз, жаңа уақытың тынысымен ғұмыр кешіп жатқан адамдармыз. Сол себептен, көп нәрсеге салмақты ой, сараланған пікірмен қарағанымыз абзал. Кейде мен өзіме мынандай сұрақ қоямын: дәл қазір мені бір орынға қонжитып отырғызып қойса, мен қаншалықты деңгейде өз міндетімді сапалы орындай аламын? Оған менің өмірлік hәм еңбек тәжірибем жете ме? Олай ойлайтынымыз: xалықтың тағдырына жауапты болуға қауқарымызды салмақтағанымыз. Халықтың тағдырына жауапты болу - қой бағу емес.
Біздің Тәуелсіз заманымыздағы елдің тағдырына елеулі әсер еткендердің бірі осы - Имекең. Әлі де қолынан келген шаруаны істеп жүр. Сол үшін раxмет айталық. Иманғали Тасмағамбетов - Алаштың, Тәуелсіздіктің "өнімі". Ол біздің Қазақтың ішінен түлеп ұшқан сұңқар. 60 жылдық мерейтойы құтты болсын! Жақсы жас, Имекең зор абыроймен жеткен тамаша белес. Әлі де Имекеңе Тәңір Отанымыздың, Ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне еңбек етуге зор денсаулық, қажымас қайрат-қуат, ұзақ ғұмыр нәсіп етсін деп тіледік!
Ақберен Елгезек