Пастернак. Тек орыс я кеңес әдебиетінің ірі өкілі ғана емес, ол әлемнің ұлы ақындарының қатарына енген үлкен талант. Ақынға «Доктор Живаго» романы үшін Нобель сыйлығы беріледі.
1958 жылы. Күллі әлем жаңа романды таласып оқып жатқанда, қызыл қоғам аяулы ақынын қып-қызыл қып талауға кірісіп жатқан еді. Орыс тіліне бұл роман шықпаған болатын. Ақын амалсыздан романның қолжазбасын Италияға жіберіп, ол кейін 2 жылдың ішінде 24 тілге аударылып басылды. Тек орыс тілінде жоқ. Бірақ, өршеленіп алған қызыл иттер оған қарасын ба! «Оқығам жоқ, бірақ кінәлаймын!» («Не читал, но осуждаю!») деген сарказмға толы сөйлем сол кезден қалған. Тіпті, Анна Ахматова «роман ұнаған жоқ» деп сұрлана мәлімдей салған деседі. Несі бар, мүмкін бұл сөз оның дербес өз ойы шығар.
Нобель комитеті берген гонорар Пастернактың қолына тиген жоқ. Хрущевтің тапсырмасы бойынша қаламгер мен әр түрлі баспалар арасында жасалған келісім-шарттар бұзылып, ақынға бір тиын да ақша берілмейтін болды. Ал, құтырып алған жазушылар қоғамы: Пастернак өтірік кедейленеді, ол сыйақыға 1млн. доллар алды деп өнешін жыртып айқайлап жатты. Әрі көрініп қалғысы келгеннен, әрі қызғаныштан әрине. Пастернактың жағдайын жақсы білетін жақындары ғана ақынға қолынан келген көмегін аямаған. Сол кездегі юбкадағы «еркек-министр» Фурцева тіпті сорақы дүние жасады. Ол Пастернакқа Нобель комитетіне хат жаздырып, шетелден тиісті ақшасын алдырып, оны мемлекеттік аты ұзын бір қорға құйдырады. Міне саған қорлық! Міне саған заманнан алған соққы мен тепкі! Өл, Ақын, өл! Ол жалғыз қалған. Көшеге шыға алмайды. Өйткені көшеде қозып алған сынап-мінегіш замандас ағайын толып жүр. Бәрінен айырылған. Кедейліктің көгерген исі қолқаны қабады. Ал, мына жақта әлемдік атақ-абырой. Бәрі ақынды қолдап хат жазып жатыр. Хемингуэй, Моэм, Камю. Тіпті, Үндістанның Премьер-Министрі Хрущевке телефондайды. Алайда, көкбет Кремль селт етпеді.
Мұртты грузин өлгелі заман да, адам да жұмсарған сияқты еді. Иә, Хрущевтің «жылымық кезеңінде» ату-асу, түрмеде шіріту болмады. Бірақ, орнына аштан қалдырып қинау және ең ауыры кісінің жүйкесін титықтатып өлтіру әдісі қолданды. Большевиктік билік өз табиғатын ешқашан өзгертпейтінін көрсетті. Сталиндік зұлматтан аман шыққан Пастернак Хрущевтің жүйкені шүйкелеу дәуіріне шыдас бермей, көп ұзамай көз жұмды. «Жеңіске жеткен» Хрущев енді оның шәкірттері Вознесенский, Евтушенко, Бродскийлермен алыса бастады. «Елден қуам, көзіңді жоям!» деп мінберді тоқпақтады. Брежнев тақтан тайдырып жібермегенде, бұл ноқай ары қарай тағы не шығарарын Құдай біледі…
Кейін сол Хрущев деген қарағым: Мен «Доктор Живагоны» оқыдым. Ешқандай да теріс дүние емес екен ғой. Мыналар мені алдапты, қап! — депті. Өлген ақын өлді, енді қылышыңды боққа шап! Нақұрыс.
Ақберен Елгезек