Фото: Ашық дереккөз
Көне Сарайшық шаһары орналасқан облыс орталығы Атырау қаласында Ұлттық Құрылтайдың үшінші жиынының секция отырыстары өтті. Ғылым және білім секциясы отырысында ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Басқарма Президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев баяндама жасады.
Академия басшысы ғылым мен білім саласына көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталды.
“Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында біз отандық ғылымды ұйымдастырудың заманауи жүйесін құра алмадық.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдардың жұмысының негізгі қағидаты – жылдам жеңістерге және жоғары жаққа табысты есеп беру үшін тез нәтижелерге қол жеткізу болды” деді А. Күрішбаев.
“Қоғамда қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтары, Марғұландары қайда?” деген сауал туындауда. Егер жылдар бойы өз ғалымдарымызды мойындамасақ, егер ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10-20, тіпті 30 есе аз болса, олар қайдан пайда болмақ?!” - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Соңғы уақытта ғана ғалымдарға тиісті назар аударыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың белсенді ұстанымының арқасында елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілуде.
Енді біз ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құруымыз керек.
Біріншіден, ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дұрыс анықтау қажет.
Екіншіден, іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгерту қажет.
Үшіншіден, өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды.
Академия басшысы облыстарда әкім орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі Кеңес құруды ұсынды. Әкімдер рейтингін жасаған кезде оның өңірде ғылымды дамыту жөніндегі жұмыстарының көрсеткіші де қамтылуға тиіс. Бұл жобаны өзара іс-қимылға дайын әкімдермен, 2-3 облыс мысалында пилоттық режимде бастауға әбден болады.