Фото: AP Photo
Ақ үй Газаға қатысты 20 тармақтан тұратын реттеу жоспарын жариялады. Ол халықаралық қатысумен уақытша сыртқы басқаруды енгізуді көздейді.
"Президент Дональд Трамптың Газадағы қақтығысты аяқтауға арналған толық жоспары" мынадай шараларды қамтиды:
🔸 Қақтығысты дереу тоқтату, Израиль әскерін әкету және соғыс әрекеттерін тоқтата тұру – кепілге алынғандарды босату шартымен.
🔸 Жоспарға сәйкес, Газа радикализмнен арылған, террордан таза және көршілеріне қауіп төндірмейтін аймаққа айналуы керек.
🔸 Егер екі тарап ұсыныспен келіссе, соғыс бірден тоқтатылады. Израиль әскері кепілге алынғандарды босатуға дайындық үшін келісілген шепке шегінеді. Осы уақыт ішінде барлық әскери операция, соның ішінде әуе және артиллериялық соққылар, тоқтатылады. Майдан шебі толық әскер шығарылғанға дейін тоқтайды.
🔸 Израиль келісімді жария түрде қабылдағаннан кейін 72 сағат ішінде барлық кепілге алынғандар – тірілері де, қаза тапқандары да – қайтарылуы керек.
🔸 ХАМАС мүшелері кепілге алынған израильдіктерді босатқаннан соң амнистия алады. Ал Газаны тастап кеткісі келгендерге қабылдаушы елдерге қауіпсіз өту жолы беріледі.
🔸 Барлық кепіл босатылғаннан кейін Израиль өмір бойына сотталған 250 тұтқынды және 2023 жылғы 7 қазаннан кейін ұсталған 1700 газалықты босатады. Әрбір босатылған израильдік кепіл үшін Израиль Газа тұрғындарының 15 мәйітін қайтарады.
🔸 Келісім қабылданған соң Газадағы инфрақұрылымды қалпына келтіруді қоса алғанда, толық көлемде гуманитарлық көмек жеткізіледі.
🔸 АҚШ-тың бұл ұсынысы Газаны Израильдің оккупациялауын да, аннексиялауын да қарастырмайды.
🔸 Азаматтарды күштеп көшіру жоспарда жоқ: олар аумақты еркін тастап кетіп, орала алады.
🔸 ХАМАС пен өзге топтар Газаны басқаруға тікелей де, жанама да қатыса алмайды. Барлық әскери және террористік инфрақұрылым – туннельдер мен қару-жарақ өндірісі нысандары – жойылады.
🔸 АҚШ араб және халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, Газада дереу орналастырылатын Уақытша халықаралық тұрақтандыру күштерін құрады.
🔸 Израиль әскерін шығару демилитаризация шарттары мен мерзімдеріне сай жүзеге асады. Оларды ЦАХАЛ, халықаралық тұрақтандыру күштері, кепілгерлер мен АҚШ келісіп белгілейді.
🔸 Газаны қалпына келтіру мен энергетикалық жабдықтау үшін экономикалық даму жоспары әзірленеді. Сектор уақытша технократиялық, саяси емес Палестиналық комитет арқылы басқарылады. Оның жұмысын "Бейбітшілік кеңесі" қадағалайды, ал кеңесті Трамптың өзі басқарады.
🔸 Жоспар аясында секторда ерекше экономикалық аймақ құрылады. Мұнда қатысушы елдер үшін жеңілдік жағдайлары енгізіледі.
Израиль үкіметінің басшысы Биньямин Нетаньяху Ақ үйдің бейбіт жоспарларын қолдайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жоспар Израильдің мақсаттарына толық сәйкес келеді: ХАМАС қарусыздандырылып, Газа демилитаризацияланады, ал секторды азаматтық әкімшілік басқаратын болады.
"Егер ХАМАС бұл жоспарды қабылдамаса, Израиль жұмысты өзі аяқтайды", — деп атап өтті Нетаньяху.
Айта кетейік, Қазақстан Трамптың Газа секторындағы бейбітшілік жоспарын қолдады.
