26 ақп, 2025 сағат 11:37

Аида Балаева жас қаламгерлерге Президенттік әдеби сыйлықты табыстады

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Шара барысында «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті. Жоба Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп жүзеге асырылған.

Министрлік жанындағы «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында Аида Балаева:

"Президенттік әдеби сыйлық – шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған маңызды бастама. Бұл сыйлық жаңа туындылардың жарық көруіне мүмкіндік береді. Жастар әдебиеті қоғамның рухани дамуына ерекше ықпал етеді. Жас ұрпақтың ой-санасын қалыптастыруда қаламгерлердің еңбегі баға жетпес", – деді.


Әдеби сыйлық келесі авторларға берілді:

  • Проза: Есбол Социалхан, «2026» шығармасы;
  • Поэзия: Жәнібек Бақытұлы Әлиманов, «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы;
  • Драматургия: Әлишер Жеңісұлы Айтуар, «Апатай» драмалық туындысы;
  • Балалар әдебиеті: Әсет Жүкенұлы Сыздықов, «Рокет Ера» повесі.

Әр номинация бойынша жеңімпаздарға қаржылай қолдау көрсетілді.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сонымен қатар, министр әдебиеттің дамуына арналған жобалардың жалғасатынын атап өтті. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануына орай, еңбек тақырыбындағы жаңа туындыларды қолдау үшін «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы өтетіні айтылды.