Талғат Сүлейманов пен Мұрат Оңалбаевтың адвокаты Алматы облысында қаза тапқан ағайындылардың өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, Жамбыл облысында Сұраншы батыр ауылының 44 және 41 жастағы тұрғындары үш ер адамды - Жарқынбек Долданды, Мұқият Зарылханды және Әлімхан Қадылбекті өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын.
Адвокат Меркебек Мәкенбаевтың айтуынша, оның қорғалушылары осыған дейін сотты болмаған. "Олардың отбасылары бар. Әрқайсысында жеке жер үй мен малы бар. Сүлеймановтың үш ұлы бар - кенже ұлы үш жаста. Оңалбаевтың да үш ұлы бар. Олар Ұзынағаштан 25 шақырым жердегі ауылда тұрады", - деді адвокат.
Сонымен қатар, адвокаттың айтуынша, қайтыс болған ағайындылар мен күдіктілер таныс болмаған. Күдіктілерден алынған жауап бойынша, оқиғаның хронологиясы былай өрбіген:
"17 қыркүйекте Сүлейманов Ұзынағаштағы мал базарына барады. Ол мал шаруашылығымен айналысады. Сенбіден жексенбіге қараған түні базарда әдетте адамдар көптер жиналады: біреу мал әкеледі, екіншісі орын алып қояды. Осылайша менің қорғалушым да сол күні базарға келіп, өзінің 2-3 бұзауын сатады. Кейіннен Сүлейманов екі КамАЗ-бен мал әкелген ағайындыларды көріп, олармен саудаласа бастайды. Сүлейманов 16 бас сиыр сатып алады", - деп баяндады адвокат.
Алынған тауар үшін күдікті Сүлейманов сатушыларға 2 миллион теңгеден аса ақша береді. Содан күдіктілер ағайындылардың КамАЗымен малдарды Сұраншы батыр ауылына апарады. Жолда Сүлейманов өзінің ауылдасы Оңалбаевқа хабарласып, одан малдарды көліктен шығаруға көмектесуін сұрайды. 28 қыркүйекте шамамен сағат 13.00-де олар Сүлеймановтың үйіне келіп, малдарды сонда қалдырады. Айта кетейік, олар ағайындылардың 36 малын сатып аламыз деп келіскен екен.
"Содан Сүлейманов оларды алдап, 20 малды оның тау жақта тұратын туысы алғысы келетінін айтады. Сонда қалған ақшаны береміз деп келіскен. Олар ағайындыларғатағы екі миллион 800 мың теңге төлеу керек болатын. Осылайша мал сатушылар келісіп, менің қорғалушым өзімен бірге винчестер алып шығады. Ағайындардың "Неліктен қару алып шықтың?" деген сұрағына Сүлейманов онда қасқырлар көп деп, қаруды қойшыларға апарып беретінін айтқан", - деді Меркебек Мәкенбаев.
Тауға баруға келіскен үш ағайынды мен күдіктілер осылайша жолға шығады. Олардың соңынан сұр түсті Mercedes көлігін жүргізіп келе жатқан Оңалбаев келеді. Таудағы қораға жақындаған бойда олар Сулы сай шатқалының алдына барып тоқтайды. Осы жерде күдіктілер ағайынды үшеуді атады.
Осыдан кейін, адвокаттың айтуынша, күдіктілер КамАЗ-бен Қаншеңгел жаққа апарып, мәйіттерді көміп кеткен. Жол бойында жүк көлігі бұзылады. Сөйтіп, олар от жағамыз деп, байқаусызда көліктің кабинасын өртеп жібереді. Көлікті сонда қалдырып, өздері үйлеріне қайтып кеткен.
Адвокат күдіктілердің бұл қылмысты алдын ала ойластырмағанын мәлімдеді.
Еске салайық, Талдықорған қаласына жақын маңдағы Көксу ауданының 3 тұрғыны Алматы жақтағы Ұзынағаш базарында мал сатамыз деп із-түссіз жоғалып кеткен болатын.
Кейінірек олардың өлі табылғаны хабарланған еді. Ведомстводағылардың айтуынша, марқұмдардың денесінде зорлық белгілер бар. Полицейлер кісі өлтірді деген күдіктілерді ұстапты. Олар Жамбыл ауданының екі тұрғыны. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша соталды тергеу басталыпты. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, ұсталғандар екі айға қамауға алынды - 24 қарашаға дейін.
Кейінірек Сағынтаев Алматы облысында өлтірілген ағайындылардың оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын. Сондай-ақ, мәжілісте де қаза тапқан ағайындылардың оқиғасына қатысты әңгіме болған еді.