26 шіл, 2016 сағат 16:37

Ағайын, көшуге дайынсыз ба?

Сол ағайынға барып «сулы-нулы солтүстікке, шығысқа қарай көшсеңіздерші, барлық жағ­дай жасалады» деп үгіттеп көріңіз­ші, «жарайды» деп бірден келісе кетуі екіталай. Мың ойланып, жүз толғанады. «Ағайынның орта­сында отырмыз ғой, жылы орны­мызды суытып қайтеміз, ағайын-туыстан алыстамай-ақ қояйық, өлсек туған жердің топы­рағы бұйырсын» деп қарсы уәж айтатындардың да аз болмайтыны анық.

Негізі, қоныс аударуға байланысты, ақпарат аз емес. Бірақ, сол ақпарат ауылдағы ағайынға толық жетпей жатқандай ма, қалай? Оған дәлел – «Көшіп барсақ өтемақы төлене ме?» деген оқырмандар сауалы. Бұл тек өтемақыға ғана қатысты. Олар­дың көш-қонға байланысты жауап алсам деген сауалдары өте көп. Демек, солтүстік, шығыс облыс­тарының билік өкілдері өткізген үш-төрт жәрмеңке кезінде жұрттың жүз пайыз ақ­парат алуы мүмкін емес деген ой келеді. Біреу естіді, біреу ес­ті­­меді. Естіген ағайынның өзі, жо­ғары­да айтқанымыздай, бірден құлай берілуі екіталай. Онымен бір мәрте емес, бірнеше рет кез­десіп, үгіт-насихат жүргізуге тура келеді. Отағасын қоныс ауда­руға көндірген күннің өзінде отбасы мүшелерінің бірі болмаса бірі дүдәмал ойда болуы әбден мүмкін. Бәрі де адам баласы ғой, басқа облыс, басқа ауыл, бейтаныс адамдар, ағайын-туыс жоқ. «Үш-төрт еңбек жәрмеңкесімен шектелмеу керек» деп топшылап отырғанымыздың мәнісі осы. Жергілікті халықтың мен­та­литетін ескеру керек. Тіпті, үйді-үйге барып жұмыс жасаса да артық болмас. Әкімдік пен әлеу­меттік сала қызметкерлерінің мүм­кіндігі шектеулі екендігін түсі­неміз. Үй аралап жүруге олар­дың қолы қысқа. Және де бұл жұмысты жергілікті жердің жағ­дайын, халықтың психология­сын жақсы білетін жандардың жүр­гізгені дұрыс. Олар жергілікті хал­ықтың «тілін» біледі. Сөйлесе алады. Сендіре алады. Көптің көзін жеткізе алады. Солтүстіктен бар­ған делегация мүшелерінің білікті, білімді, жан-жақты екені­не ешқандай таласымыз да, дауы­мыз да жоқ. Бірақ, олардың ық­палы жергілікті «үгітші-наси­хат­шылардай» болмайтынын ойлау керек. Осыны Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен жергілікті билік ескерсе деген ұсы­нысымыз бар. Тіпті, жергілікті жердің жағдайын жақсы білетін патриоттар топтастырылған ерік­тілер жасағын құрса да артық болмас. Өйткені, солтүстік облыс­тардан барған делегациялардың мүшелері ары кеткенде төрт-бес мәрте төбе көрсететін шығар, ал жергілікті жердегі белсенділерден жасалған жасақ күн сайын ел-жұрттың ортасында жұмыс жүр­гізер еді. Сондай жанның бірі – әріптесіміз Бейсенбай Тәжібаев. Онымен әңгімелескенде көп жайт­қа көзіміз жеткен еді. Ол, тіпті, әлеуметтік желілер арқылы «сол­­түстікке қоныс аударатын адам­­дар болса хабарласыңыздар» деп үндеді. Бір емес, бірнеше рет.

– Сол үндеуіңе үн қосып, сол­түс­тікке қоныс аударуға құлық білдіргендер болды ма? – деп сұрадым.

– Болмады.

– Себебі неде деп ойлайсың?

–Ауылдағы ағайынның әлеу­меттік желіні қарайтындары некен-саяқ-ау. Көп үйде интернет жоқ. Жастардың бәрі әлеу­меттік желіге байланған ғой қазір. Соған қарамастан, хабар­ласқан ешкім болмады. Бірақ, бір нәрсені сенімді айта ала­мын, қоныстандыру жайлы бағдар­ламаны жақсы білетіндер аз. Әлі де болса ағайынға ақпарат жетпей жатыр. Жеткен күннің өзінде көзбе-көз, бетпе-бет отырып, кең көсіліп түсіндіргендей болмайды.

– Министрліктің сайтында барлық ақпарат тұр ғой, қай облысқа қанша отбасыны қоныс­тандыру жоспарланып отыр, қандай жұмыс орындары бар, қандай жағдай жасалады…

– Сол ақпаратты ауылда­ғы­лардың көріп-біліп отырғанына таласым бар. Министрлік басшыларымен кездескен кезде де осы ойды айт­қан едім.

– Олар бұл ойыңды қалай қабылдады?

– Жақсы қабылдады. Өзімнің ойларымды, тұжырымдарымды бүкпесіз жайып салдым. Маман­дығым журналист әрі өзім оңтүс­тік өңірінен болғандықтан, сонымен бірге бұл мәселені егжей-тегжейлі саралап жүргендіктен, бір нәрсеге көзім анық жетті. Жеке­лей отбасы емес, бүкіл ауыл­д­ы ағайын-туысымен, көрші-қолаңымен бірге көшіруді қолға алу керек.

Оңтүстікте үлкенді тыңдайды, үлкеннің бәтуалы сөзіне құлақ асады. Қазір ауылдарда би бар. Би – елге еңбегі сіңген, қадірлі, абыройлы адам. Көпшілік оның сөзіне құлақ түреді. Ауыл билері, ауыл ақсақалдары арқылы жұмыс жүргізілсе, біз әңгіме етіп отырған мәселені оңтайлы шешуге әбден болады.

Шынында да, құлаққа кіретін, ден қоятын ұсыныс. Егер тұтас ағайын-туыс, көрші-қолаң бір ауылға қоныстанса, ағайыннан алыс­қа кетіп қалдым деп уайымда­мас еді, жаңа ортаға тезірек көн­дігер еді. Жоғарыда тілге тиек ет­кеніміздей, қазақы болмыс-бітім қанымызда бар. «Өмір бар жер­де өлім бар, тойға бармасаң бар­ма, қазадан қалма» деп жатамыз. «Білмейтін жердің ой-шұң­қыры көп, алда-жалда қай­ғы­лы жағ­дай бола қалса, топы­рақ салуға келе алмай жатсам ағайын­дыққа сын» деп жатады. «Туған жердің топы­ра­ғы бұйырсын, сүйегім бас­қа жер­де қалғаннан сақтасын» деп жатады.

Жаңалық ашып отырғанымыз жоқ, шынында да осылай ғой. Бұл үшін ағайынды сөге жамандауға болмас. Егер бүкіл ауыл болып солтүстікке қоныс аударып жатса, қазақи болмыс-бітімімізге тән осындай түйткілдердің түйіні шешілер еді-ау.

Қоныстандыру көшіп-қону ғана емес, бұл – солтүстік, шығыс облыстарды қазақыландыру. Мектептері мен балабақшалары, басқа да әлеуметтік нысандары тұрғындардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеу. Қоныс аударушылар келген соң балабақшадағы, мектептердегі бала да көбейеді, жұмыс күшіне тапшы болып отырған шаруашылықтардың да жағдайы түзеледі, тілдік орта қалыптасады. Яғни, бір-бірі­мен жіпсіз байланған өзекті мәсе­лелер­дің түйіні тарқатылар еді. Мәселен, Павлодар облысын­да жергілікті ұлттың үлесі әлі де аз.­ Соны көбейту керек, қазақы­лан­дыру керек. Кең-байтақ, ұлан-ғайыр қазақ жерін игеруіміз керек. Естеріңізде бар шығар, өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дары­ның соңында елордамыз «Астананы қазақыландыру» дүбір­лі акциясы басталған еді ғой. Соның нәтижесінде айнал­дыр­ған он-он бес жылда Астана қазақы елордаға айналды. Бұл – жершілдік емес, ұлтшылдық емес. Бұл – ұлтжандылық.

Қалай, ағайын, көшуге дайынсыз ба?

Бәрекелді, көш көлікті болсын!

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»