Иллюстрация: pixabay.com
Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың әлеуеті мол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында аталған мәселеге қатысты тоқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады.
Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады.
Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім" - деді Мемлекет басшысы.