Фото: Amanat партиясы
23 тамызда Түркістан облысының Нысанбек ауылында өткен «Жастар Рухы» республикалық саяси лагеріне Мәжіліс спикері және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, жастармен кездесті. Лагерьге еліміздің әр түкпірінен келген 420 делегат жиналды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қошанов жастардың жаңа үрдістердің алдыңғы қатарында жүретінін және олардың мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы саналатынын атап өтті. Ол сондай-ақ екі жыл бұрын «Жастар Рухы» атауы қабылданғаннан бері ұйымның қарқынды дамып, жастардың рухын көтеретін маңызды қозғалысқа айналғанын айтты.
Мәжіліс төрағасы мемлекет тарапынан жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын да атап өтті. Соның ішінде жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс», қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам», ауылдық жерлерде жеңілдетілген несие беруді көздейтін «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асырылуда.
Іс-шара барысында жас көшбасшылар АЭС салу мәселесін де талқылап, бұл бастаманы қолдайтынын білдірді. Ғалымдар мен жас мамандар Қазақстандағы энергия тапшылығын шешудің тиімді жолы ретінде атом энергиясын пайдалануды қолдады.
Қошанов АЭС құрылысы мен атом энергетикасының елдің болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, жастарды бұл мәселеде белсенді болуға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту және экономикасын орнықты дамыту үшін АЭС салу қажет.
Лагерь барысында басқа да өзекті тақырыптар талқыланып, жастардың саяси және әлеуметтік белсенділігін арттыруға арналған бірқатар бастамалар көтерілді.