Фото: ашық дереккөз
"Аэрофлот", "Россия" және "Победа" әуе компаниялары 100-ден астам рейсті тоқтатты немесе кешіктірді, деп хабарлайды Ult.kz.
28 шілде күні "Аэрофлот" IT-инфрақұрылымындағы ақауға байланысты ұшу кестесін мәжбүрлі түрде түзетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Жолаушыларға әуежай сайттарынан және ақпараттық тақталардан хабарламаларды қадағалау ұсынылды.
Silent Crow атты проукраиналық хакерлік топ шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алды. Олар беларусьтік "Киберпартизан" тобымен бірге "Аэрофлоттың" ішкі жүйесін толықтай бұзып, 7000 серверді жойғанын, 12 ТБ дерекқор мен 2 ТБ корпоративтік поштаға қол жеткізгенін айтты.
Хакерлердің мәлімдеуінше, компанияда ескірген Windows XP және Windows Server 2003 жүйелері қолданылып келген. Компания бас директоры 2022 жылдан бері паролін ауыстырмаған.
РФ Бас прокуратурасы шабуылды растады. Шабуылдың салдарынан "Аэрофлот" бір күнде 250 млн рубльден астам шығынға ұшырады. Сарапшылар толық қалпына келтіру үшін 2 айдан 1 жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін екенін айтады.
Рейстер тоқтады: 28 шілдеде 49 жұп рейс (соның ішінде Астанаға да) тоқтатылды. 29 шілде — 21 рейс, 30 шілде — 12, 31 шілде — 18, ал 1–2 тамызда — әрқайсысында 5 рейстен тоқтайды.
Билеттерді қайтару немесе басқа күнге ауыстыру — тек жүйе қалпына келген соң мүмкін болады. Қазірше тек балалармен, мүмкіндігі шектеулі адамдармен, СВО қатысушыларымен және трансфермен жүретін жолаушылардың билеттері қайта рәсімделіп жатыр.
"Аэрофлот" пен Шереметьево басшылығы жолаушылардан әуежайда жиналмауды сұрады. Көптеген рейс туралы ақпарат жоқ немесе олар тоқтатылған. Әуежайда ұзын-сонар кезектер пайда болған.
Шабуылды РФ көлік полициясы мен ФСБ экономикалық қауіпсіздік қызметі тергеп жатыр. Роскомнадзор мәлімдеме жасағанымен, деректердің нақты таралғаны әзірге расталған жоқ.
