Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті «Ұлт әдебиеті – жастар көзімен» атты жас ақын-жазушылармен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жас ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеудегі әдебиет пен жас талантты ақын-жазушылар рөлі қандай? Бесіктегі бүлдіршін мен мектептегі оқушы ұлттық тәрбиеге қанығып өсіп келе ме? Міне, онлайн кездесуде осы маңызы жоғары ұлттық руханияттағы тіл, ой құндылығы, жастар тәрбиесіндегі әдебиет мәселері талқыланды.
Пікірталасқа елімізге танымал жас ақын-жазушылар, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Ерлан Жүніс, «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, ақын, аудармашы Мақпал Мыса, жазушы әрі драматург, сыншы Әлібек Байбол, жас драматург, прозашы Жақсылық Мұратбек қатысып, ұтымды ойларын ортаға салды.
«Елдің ертеңгі зиялылары, ел ақиқатын айта алатын жас әдебиетшілері ретінде сіздермен ақылдасау маңызды. Жас қаламгерлер мен Үкімет арасында байланыс орнату - санаға қанат бітіретін, балалар ойының дамуына үлес қосатын шығармалар жазуға талпындыру деп ойлаймын. Балалар тілінде сөйлей алатын, олардың санасына ұлттық дәстүрді қалыптастыра алатын шығармаларға зәруміз. Баланың тілінің өзге тілде шығуына мына өзгермелі замандағы жаңа технологияның да кесірі бар. Сол технологиялық құрылғылардағы тәрбиелік дүниенің бәрі өзге тілде. Анимациялық дүниелер жоқтың қасы. Болған жағдайда мәні мен мағанасы қазақи санаға жетімсіз», - дейді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.
Кездесуде әсіресе, кітап шығару мен тарату, классификациялау, балаларға арналған шығармаларға қойылатын талаптарды әлемдік дәрежеде саралау қажеттігінің маңыздылығы қозғалды. Сондай-ақ, кітап тарату, сын жаныры, драматургия, балалар әдебиетін дамыту туралы нақты ұсыныстар айтылды.
Шара қортындысы бойынша жас жазушылар ұсынған құнды ұсыныстарға орай арнайы шешім қабылданатын болды.