Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық мемлекеттік қызмет өзінің қалыптасуы мен жетілуінің ұзақ жолынан өтті. Былтырғы жыл еліміз үшін ерекше мәні бар кезең болды. Ауқымды институттық реформалар үшін тұғырнама болған, бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын қабылдадық. Мемлекеттік кәсіби аппаратты қалыптастыруға қатысты жаңа реформа Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жарқын кезеңі басталғандығын дәлелдейді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек.
Сондықтан қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне үлкен мән берілуде. Ұлт Жоспарының 12-қадамының басты мақсаты жаңа әдеп ережелерін енгізу болып табылды.
Нәтижесінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңында қызмет этикасына қатысты ережелер айтарлықтай күшейтілген. Ең алдымен, мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын сақтау бойынша талаптар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен өз қызметінде мүдделер қақтығысын болдырмау заң дәрежесіне көтерілді.
Заңды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі қабылданды. Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз әрекетінің алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Кодексте мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық келбетіне қойылатын негізгі талаптар, қызметтен тыс уақыттағы және қызметтік қарым-қатынастағы, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуімен байланысты мінез-құлық стандарттары нақты көрсетілген. Атап айтар болсақ, бұдан былай мемлекеттік қызметшілер тек қатардағы жай қызметкер емес, халық арасында беделді, жұртшылық үлгі тұтатын тұлғаға айналғаны абзал. Ол үшін жаңа реформаға сай барлық мемлекеттік органдарда этика жөніндегі уәкіл болады. Осы талаптарды орындау мақсатында Қызылорда облысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға әдеп жөніндегі уәкілдің өкілеттігі Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасарына жүктелді.
Аталған жаңа институт этикалық нормалардың сақталуын қадағалап, мониторинг жасайды, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарының сақталуына және қайта орнына келтіруіне шаралар қабылдайды. Уәкіл жұмысының маңызды бағытының бірі – ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды анонимді сауалдама арқылы зерделеу. Сауалдама нәтижесі талдау үшін негіз болып, оның қорытындысы бойынша персоналды басқару тетіктерін жақсарту үшін мемлекеттік орган басшылығына ұсынылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің өмірде адал, әділетті, қарапайым және шынайы болуын тәрбиелеумен бірге, шешім қабылдаған кезде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге міндеттейді. Қызметтен тыс уақытта олар қоғамға жат мінез-құлық көрсетпеуге, ішіп-жеу, құмар ойындарға жол бермеуге жауапкершілік жүктейді. Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтарды облыс тұрғындарына, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге жете түсіндіру мақсатында департамент кең көлемді ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізді. Жаңа заңнамаларды түсіндірудің бастауы ретінде наурыз айында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор, басқа да мақсатты топтар арасында 180-нен астам құқықтық оқыту өткізіліп, жалпы 5 мыңға жуық адам қамтылды. Сондай-ақ, департамент басшылығы және қызметшілерімен 7 аудан орталығы мен 50 ауылдық округте халықпен кездесулер, жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаулар жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Осылайша, облыс аумағында Ұлт Жоспарында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр.
Өкінішке қарай, осындай түсіндірме жұмыстарына қарамастан, мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәселелерімен жиі кездесеміз. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңестің 7 отырысы өтіп, 37 мәселе қаралды. Оның 26-сы – мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер болса, 7 мемлекеттік орган басшыларының, аудан әкімдерінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының есептері тыңдалды. Қаралған тәртіптік істер нәтижесімен 16 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс берілді.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс. Дегенмен, бұл талаптар кейбір мемлекеттік қызметшілер тарапынан сақталмай жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органның мәліметіне сәйкес, облыста 9 мемлекеттік қызметшінің қоғамдық орындарда масаң күйде жүргендігі үшін, оның ішінде 3 мемлекеттік қызметшінің көлік құралын ішімдік ішіп басқарғаны үшін әкімшілік айыппұлдар салынғаны белгілі болды.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұсынысымен аталған мемлекеттік қызметшілердің 3-іне «қатаң сөгіс», 4-іне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды. Ал басшылық лауазымдағы 2 қызметкердің тәртіптік істері Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, кеңес шешімімен оларға қатысты тәртіптік жазалар берілді.
Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мәртебесін көтеруге, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор.
Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі
кеңес төрайымы