Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Атырау облысы әкімдігінің және «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қоры және Атырау облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен көрнекті қаламгер, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Ш.Айтматов сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Рахымжан Отарбаевтың үш тілде жарық көрген биобиблиографиялық көрсеткішінің тұсауы кесілді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Рахымжан Отарбаевтың туғанына 65 жыл толу мерейтойына арналған бұл тұсаукесер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр.
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова әріптесін ерекше еске алды.
«Ұлттық академиялық кітапхананы біраз жылдар басқарып, еліміздің кітапхана саласының дамуына өз үлесін қосқан азамат, білікті басшы ретінде кітапхананың жоғары деңгейде, заманға сай, оқырмандарға кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, кітап мәдениетін көтеруге ықпал ететін азамат еді» деді Бақытжамал Оспанова.
Осы орайда жазушының жары Сәуле Отарбаева жолдасының кітапханашылармен қарым-қатынасы туралы әңгімелеп, барша қауымға алғысын білдірді.
«Біз үшін бүгін өте ерекше күн. Алдымен елдің атынан, облыс басшылығы атынан, отбасымыздың атынан баршаңызға ерекше рақмет айтқымыз келеді. Рахымжанның қандай тұлға болғанын, қандай жазушы болғанын ел біледі. Алдымен ол адам ретінде танылды. Өзі қандай ашық адам болса, жазуы да сондай, жазып, шашып тастап жүре беретін. Маған сенді ма, бала-шағасына сенді ма... Осы олқылықтың орнын толтырайық, іздеген оқырманы өте көп, жинақ етіп құрастырайық дедік. Әр ғалымның, әр жазушының, әр қалам иесінің мұрасы осылай биобиблиография ретінде қалуы керек деп ойладық. Ол кітапханада басшы болып отырған кезінде, Бейнеті көп, зейнеті аз, елге көрінбейтін кітапханашыларға үлкен қамқорлықпен, қолынан келгенше көмектесіп, әрқайсының ішкі проблемасын, отбасылық жағдайларын түсініп, жұмыс істеуге тырысқан азамат еді. Сол ниетті, сол көңілді бүгін біздің алдымыздан шығып жатыр, сол үшін шексіз алғысымды білдіремін» деді Сәуле Отарбаева.
Жалпы кез келген жазушының, ғалымның еңбектерін биобиблиографиялық көрсеткішін құрастыру оңай емес екенін тілге тиек еткен қаламгер Қали Сәрсенбай Рахымжан Отарбаевтың ерекше талантын айта келе, құрастырушыларға ризашылығын білдірді.
«Қазақтың қара сөзін қойша өргізеді» дегендей, сондай қойша өргізіп, қазақтың қара сөзінен дауыл тұрғызған азамат қой Рахаң. Құдай сана берді, қолға қалам берді, сөзге бояу берді. Өзі айтқандай, Рахаңа Тәңірі шексіз талант берді. Сол талантын өмірінің соңғы күніне дейін мүмкіндігінше төкпей-шашпай пайдаланды. Елге қызмет етті. Жазушының еңбектерін жинау оңай шаруа емес. Инемен құдық қазғандай, Рахаңның шығармашылық бастағаннан бастап әр жылдардағы еңбектерін құрастыру, іздеу, табу деген оңай жұмыс емес, қажырлы еңбекті талап етеді» деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.
Айта кетейік, аталған шараға қаламгер Р.Отарбаевтың замандастары, шәкірттері, жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар БАҚ өкілдері қатысты.
Ақпаратқа қосымша:
Рахымжан Отарбаев «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Егемен Қазақстан», «Ақ Жайық» басылымдарында, Телевизия және радиохабарлар тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Қазақстанның Қырғызстан Республикасындағы елшілігінде, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында жауапты қызметтер атқарған. «Құпия түн», «Жәңгір Хан», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Соғыстың соңғы бомбасы», «Шер», «Қараша қаздар қайтқанда», «Аспандағы ақ көбелектер», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Айна-ғұмыр», «Шыңғыс ханның көз жасы», «Қыз Данайдың қырғыны», «Бас» және т.б. кітаптардың авторы. Шығармалары орыс, түрік, ағылшын, испан, араб, қытай, т.б. тілдерге аударылып басылған. «Әбутәліп әпенді», «Абай-сот», «Мен Сізді сатқан жоқпын», «Ғабит», «Ән-Әміре», «Жасын ғұмыр», «Жәңгір хан», «Бас», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай», «Махаббат мұнарасы», «Айна-ғұмыр», «Фариза мен Мұқағали», «Нашақор жайлы новелла», «Актриса», «Нарком Жүргенов» т.б. пьесалары еліміздің және шетел театрларында ұдайы қойылып келеді. «Мұхаммед Салық Бабажановтың өмірі мен өлімі», «Исатай Тайманов, «Азусары мен Кірпішбай», «Жәңгір хан», «Жұмбақтаудағы қазына», т.б. киносценарийлер жазған. Қаламгердің шығармашылық мұрасының толық тізімі ұсынылған библиографиялық көрсеткіште қазіргі заман әдебиетін зерттеушілер мен Рахымжантанушыларға арналған ғылыми негізді мағлұмат мол. Айта кетейік, Рахымжан Отарбаевтың мұрасын сақтау, тарату, жарнамалау, шығару мақсатында 2019 жылы «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» құрылды. Директоры Отарбаева Сәуле.