Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
25 қаңтарда Ақтаудағы Достық үйінде Ұлттық зияткерлік меншік институтының, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Әділет министрлігінің өкілдері «Асыл тұқымды «Адай» жылқысы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігіне «Адай жылқысы» брендін пайдаланудың айрықша құқығын растайтын куәлік табыс етті. Осылайша «Адай» тұқымды қазақ жылқысының ерекше қасиеттері енді заңды түрде бекітілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылдың қараша айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында адай жылқысын дербес тұқым ретінде ғылыми тануды тапсырған болатын.
«Ол үшін Маңғыстауға Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының мамандары келді. Сарапшылар заманауи технологияларды қолдана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін оларды ғылыми сынақтан өткізді», - делінген хабарламада.
Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, қазақтың адай жылқысының ерекшеліктері енді заңды түрде қорғалғанын айтты. Бұл өз кезегінде жылқы өсірушілерге адай жылқысы тұқымын сақтау, өсіру және насихаттау үшін тиімді болмақ, сонымен қатар ұлттық ойындарды, соның ішінде көкпар мен бәйгені насихаттауға ықпал етпек.
«Ұлттық зияткерлік меншік институты әрқашан ұлттық брендтердің қорғалуы мен сақталуын мұқият қадағалайды. «ҚазПАТЕНТ» географиялық ерекшелігіне қарай Алматы апортынан кейін «Адай» жылқысының тұқымын патенттеді. Тұқымның жаңашылдығы, ерекшелігі мен біртекітілігі, сонымен қатар ғылыми, патенттік критерийлерге сәйкестік оның ұлттық брендке айналуына мүмкіндік берді. Айрықша құқықтардан басқа патент иесіне 30 жылдық қауіпсіздік мерзімі беріледі. Патенттер тек «Адай» тұқымына ғана емес, оның 2 типімен мен 3 желісіне де берілді» - деді Айдын Артықова.