06 мам, 2024 сағат 13:57

Адамның абыройы «лайкпен» өлшенетін сорақы күйге түскенбіз


"Адамзат терең құлдықта, ол өзін басқара алмайды, оны зат басқарады. Жансыз. Оған еркін беріп қойған. Одан кетуі екіталай. Әлемдегі 8 млрд адамды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау бұрын соңды ешкімнің қолынан келмеген. Оны ғаламтор жасады. Бір қызығы, ешкім оған күштеген де жоқ", - дейді блогер Жанар Шамель.

Сөзбе-сөз:

Иә, адамның абыройы лайкпен өлшенетін сорақы күйге түскенбіз. Көп жағдайда тәрбиесі, білімі, адамдығы маңызды емес, аты шықса болды және қандай жолмен шыққаны да бәрібір, жамандап алып, жапатармағай жазылып, күнде қарап, топырлап лайк қойып, басымызға көтере береміз. Ол ”абыройға” жету үшін адам не істемей жатыр?! Бәрін істеді. 

Адамзат өмірінің нәрі мен жаны, бағы мен байлығы - құндылықтардан айырылып, деградацияға осылай аяқ бастық. 

Ғаламшарда ғаламтор пайда болғалы мидың ойлану деген функциясын тек тамашалауға байлап қойдық. Оның енді ойлануы қиын. Дүниеде баламасы жоқ аппаратты осылай істен шығарып жатырмыз.

Технология дамығалы адамның физикалық деградациясы да басталды. Қол еңбегі, қозғалыс жоқ, адам мешелдікке бара жатыр. Дерт көбейді.

Интернет пайда болғалы адамда уақыт жоқ. 24/7 оның әлеуметтік желі деген “секталарында” құлдықта. Басыбайлы. Инфоағыннан ми, ағза минут сайын алапат соққы алып, клеткалар әлсіреп жатыр. 

Интернет пайда болғалы қарым-қатынас жоқ. Бір үйде тұратын адамдар, ата-ана мен балалар тілдеспейді. Сезім де өліп жатыр. Сезім жоқ жерде өмір жоқ. Депрессия, невроз, қорқыныш, паническая атака... кете береді. 

Адамдар осылайша өзін-өзі ертерек жою процесіне өз еркімен келісті және қызыға кірісті. 

“Инфоқұлдыққа” ұшыраған адам көп нәрсенің байыбына бара бермейді, ақпаратты жұта береді. 
Сондықтан ақылды сияқты, бәрін біледі, бірақ өзін құтқару үшін ештеңе істемейді. Телефоннан бас  алмайды. Ештеңе естімейді. Миына зомбилық программа орнығып алған. 

Әлбетте, ғаламтордың пайдасы да көп, бірақ адам шегін білмейтіндіктен, зиянын тонналап алып жатыр. 

Адамзат қоғамы құздың ұшар басында тұр. Оған өз аяқтарымен барған. Одан да өз еркімен секіреді. 

Өкінішті…