30 шіл, 2018 сағат 15:15

Адам атаға дейін де адам болған ба?

Адам ата  – жер бетіндегі бірінші адам ба, әлде адамға кейін жіберілген бірінші пайғамбар ма? Әлде бірінші адам әрі бірінші пайғамбар ма?

Құран аятында Адам ата мен Хауа анадан көптеген еркек пен әйел тарағаны айтылады. Ал сол Адам атаның ұлдары кімдерге үйленген? Өздерінің туған қарындастарына ма? Адам атаны ұрпағы олай болмаған күнде қалай жалғасады? Ұрпақ жалғастығы үшін одан  басқа қандай тәсіл бар? Бұған жауап берушілер ол заманда Алла Тағала ағалы-қарындастың үйленуіне  әлі тыйым салмаған дейді.  Ұрпақ жалғастығы үшін. Ал одан кейін бірден қатаң тыйым салған. Хауа ана Адам атаның қабырғасынан жаралды емес пе, солай ете тұра екеуі некеленді. Бұл да сол секілді дейді.

Генетиканың заңы бойынша, ағалы-қарындас үйленетін болса, олардан туған ұрпақ міндетті түрде кесел-кемтар, ауру-сырқау  болатыны  медицинада әлдеқашан дәлелденген. Оны айтасыз, қазақтағы жеті атаға толмай қыз алысудың өзінде ұрпағының генетикалық ауытқушылыққа ұшырайтыны ғылымда дәлелденген. Бұған керісінше некелескендердің қан туыстығы алыстаған сайын ұрпағының дені сау болатыны анықталған.

Ендеше, Адам атаның ұлдары кімдерге үйленген? Бұның бізге мәлім  үш түрлі нұсқасы бар.

Бірінші нұсқа бойынша, Алла Тағала ағалы-қарындастың жұп құруына әуел баста-ақ қатаң тыйым салған. Сондықтан Адам атаның балалары бір-біріне, ағасы қарындасына үйленді деген мүлдем дұрыс емес. Дұрысы, Адам атаның  ұлдары Адам Пайғамбар болып тағайындалғанға дейін өмір сүрген әлдебір тайпаның қыздарына үйленген. Бұған илансақ, Адам жер бетінде пайда болған бірінші адам емес. Оған дейін адамдар өмір сүрген. Адам – бірінші Пайғамбар, бірақ ол өзіне дейін өмір сүрген тайпаға жіберілмеген.  Бұл нұсқаға сайсақ, Құран Кәрімнің «Сиыр» (Бақара) сүресінің 30-аятында айтылғандай, Алла Тағала Адамды жаратарда періштелер  Оған «жер бетінде қан төгетін біреуді жаратқың келе ме?»  дейді.  Яғни бұл – періштелер Адам атаға дейін жаратылғандардың қан төккен теріс қылығын көрген деген сөз.  Оларды тура жолға салу үшін Пайғамбар жіберілмеген. Бірақ бұл нұсқаны  оқымыстылар әлсіз деп  есептеген.

Екінші нұсқа бойынша  960 жыл өмір сүрген Адам нәбидің балалары өте көп болған. Ал Адам атаның зайыбы Хауа ананың дене құрылысы ерекше біткен, яғни қос құрсақты болған. Сондықтан 500 ұл мен қыз жеке біткен құрсақта үнемі егіз туған. Мәселен, Қабылдың егіз туғаны айтылады.  Егіз туған қарындасы қыз болған, бірақ Қабыл Абылмен егіз туған қызға үйленбек болады. Қабыл бұған қарсы болады, себебі егіз туған қарындасы өзі үйленетін қыздан сұлу болады… Бір мезгілде туған егіздерге үйленуге Адам ата тыйым салған, оларды арасына мезгіл салып, кейін туғандарымен некелендірген.  Бірақ бұл нұсқаны да оқымыстылар әлсіз деп есептейді.

Үшінші нұсқа оларға қарағанда оқымыстылар тарапынан көбірек қолдауға ие болған.  Бұл нұсқа бойынша, Адам атаның ұлдары хор қыздарына үйленген. Яғни Алла Тағала Адам атаның ұлдары үшін арнайы хор қыздарын жаратқан. Олардан пайда болған балалардың немере қарындастары мен немере ағаларына үйленулеріне рұхсат берілген. Бұл күшті нұсқа саналады. Ал ол хор қыздары періштелер емес. Хор қыздары деп оларды пәк болғаны үшін айтады. Мәселен, Алла Тағала Құранда Иса пайғамбарды әкесіз жаратқанын айтады. Исаның анасы Мәрия ана періштедей пәк болған. Ал Қияметқайымнан кейін болатын жұмақтағы хор қыздары  ол мүлдем басқа жаратылыс.

Қазір Жер бетіндегі адам саны 7 миллиардтан асты. 2015 жылы 9 миллиард болады деген болжам бар. Осының бәрі – топырақтан жаралған Адам ата мен оның қабырғасынан жаралған Хауа ананың ұрпақтары.

Сонымен, Адам атаның ұрпағы кімнен жалғасқан? Абылды Қабыл өлтіргені анық. Сонда бәріміз күнәһар Қабылдың ұрпағымыз ба? Кейбір дерек бойынша,  Адам атаның ұрпағы Абыл мен Қабылдан тарамаған, Адам атаның Шиш деген үшінші  ұлынан тараған. Шиш – Адамның мұрагері.  Адам атадан соң 200 жыл пайғамбарлық еткен. Себебі Қабылдың қолы қанға былғанып, күнәға батқандықтан,  ол ұрпақ жалғастыратын мұрагер бола алмағаны айтылады.  Сол себепті әрі Қабылдан тараған ұрпақтар оның күнәлі істерін жалғастырғандықтан, Нұх пайғамбардың кезіндегі топан суда олар түгел жойылған делінеді.

Төреғали ТӘШЕН

"Айқын" газеті