10 шіл, 2017 сағат 08:45

Абзал Сүлеймен: "Кеңістіктегі көркем ойларға таласып..."

Жас ақын Абзал Сүлейменнің бір топ жаңа өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

Өгей 

Қып-қызыл көкжиек... 
Іңірдің ең жуас толқыны соғады. 
Өзіңде туылдым һәм өзіңде өлдім деп, 
Айтуға талпынғам жоқ әлі... 

Су бетін сипаған – Ай сәуле төгеді, 
Толқынның үстінде қауырсын қалқып жүр. 
Ойларым тереңге шөгеді, 
Елесім малтып жүр. 

Мысқылдап ұшады шағала: 
- О, Ұлы көл, дүр ала! 
Өзіңде туылған бұл өгей балаға, 
Қарғыстан өзгені сұрама! 

Әлдене іздедім шарқ ұрып, 
Әлдекім үшін мен соғыстым. 
Соңы жоқ, үзілген іздемін, 
Басы жоқ жолдармен тоғыстым. 

Дірілдек қамысқа тығылдым, 
Қамыстың әуені – жетімдер! 
Көкке ұшқан көлді аңсап жығылдым, 
Мені де алып кетіңдер! мені де алып кетіңдер... 

Феникс 

Терезеге асылды 
Күн сәулесі тым жасық, 
Күнәсіндей өмірдің сіңіп жатты құмға су, 
Қараңғыдан үзілді періштенің сұлбасы. 

Бөлме іші қалғыды таң атқанда арайлап, 
Сен ұсынған күнәнің тұнбасындай зәһәрді, 
Менің көзсіз көңілім сіміруді қалайды-ақ. 

Төрт қабырға сыртына айқайлайды шындығым, 
Сенің тәнің күң бүгін, 
Менің жаным құл бүгін, 
Қара оранған тағдырдың құшағына сүңгідім. 

Ғазал әрі ғарыштық – сәуле мен тән сүйісі, 
Көлбеңдейді бөлмеде биіктікке таласып, 
Кеңістікте аңқыған құштарлықтың иісі. 

Өксіп шыққан өзіңнен іңкәрлікке жуындым, 
Ізгіліктен шегіндім, 
Көркемдіктен бас тарттым. 
Жассыз жылап қалды ол, 
Сүмірейген сұлбаңды уата алмай буындым. 

Өліп, қайта тіріліп, 
Күліп, жылап жалыққан, 
Отқа оранып қайтадан тұра келді табыттан, 
Есімсіз һәм бейнесіз ұшып кетті қалықтап. 
Өзгеге! 

Өгей 2 

Көкжиек қызарды. Күн батты. 
Тағы үнсіз... 
Саусақпен сыздым Ай бетіндегі тыртықты. 
Күңгірт ойларым кірпияз Құдайға жағымсыз, 
Күнәлі пиғылым тыныштығымды үркітті. 

Бұлқынасың-ау, бұйра да бұйра толқындар, 
Күрсінесің-ау жағаға құлап. 
Өзіңде туған өгейге жаның ашиды, 
Білем... 
Ештеңе өзгермейді бірақ. 

Сәруәр толқынның үнсіздігіне жармасып, 
Ол керең және мен тағы соқырмын. 
Кеңістіктегі көркем ойларға таласып, 
Көкжиекте Құс Жолын еміп отырмын. 

Жер-Ананың деміндей жылы самал жел, 
Өткеннен келген хабаршым! 
Іңірде қалғып барады ел, 
Қай жаққа ұшып барасың? 
Қай жаққа ұшып барасың?! 

Жағада жатқан қорымға создым қолымды, 
(Бұлар әлі де ояу ма-ей?) 
Білмеймін бүгін барымды әсте жоғымды, 
Түнекке жаздым атымды қара бояумен. 

Айдыны шексіз, Ұлы көл! 
Сен айтшы маған тарихты. 
Көрсетші маған, Тәңір-ау! 
Мен неге әлі зағиппын? 
Ол әлі неге саңырау? 

Боз жусандардан естілед әлсін қоңыр ән, 
Көз ұшында сағымы – 
Айға өрлеп шыққан кеменің. 
Күбірлеген көлеңкелердің соңынан, 
Бесігімді сүйреп келемін... 

Үрей 

Сезініп үлгермей түсінем, 
Күрсініп үлгермей күз демін. 
Руханияттардың ішінен, 
Өзімді іздедім, 
Өзгені іздедім. 
Адасқақ жолдарға бет алып, 
О, қарсы ағысқа тосамын бетімді. 
Жалқы батырлармен жеке алып, 
Қыдырып қойса да етімді, 
Сабырлы күйімді сақтағым келеді! 
Жаттағым келеді өмірлік дұғалар. 
Содан соң кім маған сенеді? 
Кім менің сөзімді құп алар?! 
Көне алмай өзгенің жоғына, 
Барынан қалған соң көңілім. 
Бір сәттік сезімдер шоғына, 
Өртеніп кеткенде өмірім, 
Түсіндім өзексіз екенін... 
Мағына таба алмай кең күннен, 
Қараңғы түндерге көңілсіз жетемін... 
Мен кіммін? 



*** 
О, менің сағынышым күздегі, 
О, менің қилы-қилы пешенем. 
Нешінші жыл өтіп жатқан сіздегі? 
Нешінші күз сурет салды көшеге? 

Қай уақытта суып кеткен қыркүйек? 
Қашан көше суық түскен боялған? 
Жанымды кеп құлатпады жыр сүйеп, 
Тәнімді тек тітіркентті ой, арман. 

Күз – сағыныш! 
Қаяу берді көңілге, 
О, егіз күз қалауын тап сыңардың. 
Мұң мен ойдың ортасы тең өңірде, 
Бәлкім осы күзде өлетін шығармын... 

Қыркүйекке нали берем несіне? 
Жаттатамын әлі күзге атымды. 
Кім біледі, сақтап қалар есіне, 
Көше кезіп жүрген мына ақынды. 

Абзал Сүлеймен 1992 жылы 7 қазанда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласында туған. Азаматтық авиация академиясының Ұшатын аппараттар мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану факультетін тәмамдаған.

Ұлт порталы

Өгей

 

Қып-қызыл көкжиек...

Іңірдің ең жуас толқыны соғады.

Өзіңде туылдым һәм өзіңде өлдім деп,

Айтуға талпынғам жоқ әлі...

 

Су бетін сипаған – Ай сәуле төгеді,

Толқынның үстінде қауырсын қалқып жүр.

Ойларым тереңге шөгеді,

Елесім малтып жүр.

 

Мысқылдап ұшады шағала:

- О, Ұлы көл, дүр ала!

Өзіңде туылған бұл өгей балаға,

Қарғыстан өзгені сұрама!

 

Әлдене іздедім шарқ ұрып,

Әлдекім үшін мен соғыстым.

Соңы жоқ, үзілген іздемін,

Басы жоқ жолдармен тоғыстым.

 

Дірілдек қамысқа тығылдым,

Қамыстың әуені – жетімдер!

Көкке ұшқан көлді аңсап жығылдым,

Мені де алып кетіңдер! мені де алып кетіңдер...

 

 

Өгей 2

 

Көкжиек қызарды. Күн батты.

Тағы үнсіз...

Саусақпен сыздым Ай бетіндегі тыртықты.

Күңгірт ойларым кірпияз Құдайға жағымсыз,

Күнәлі пиғылым тыныштығымды үркітті.

 

Бұлқынасың-ау, бұйра да бұйра толқындар,

Күрсінесің-ау жағаға құлап.

Өзіңде туған өгейге жаның ашиды,

Білем...

Ештеңе өзгермейді бірақ.

 

Сәруәр толқынның үнсіздігіне жармасып,

Ол керең және мен тағы соқырмын.

Кеңістіктегі көркем ойларға таласып,

Көкжиекте Құс Жолын еміп отырмын.

 

Жер-Ананың деміндей жылы самал жел,

Өткеннен келген хабаршым!

Іңірде қалғып барады ел,

Қай жаққа ұшып барасың?

Қай жаққа ұшып барасың?!

 

Жағада жатқан қорымға создым қолымды,

(Бұлар әлі де ояу ма-ей?)

Білмеймін бүгін барымды әсте жоғымды,

Түнекке жаздым атымды қара бояумен.

 

Айдыны шексіз, Ұлы көл!

Сен айтшы маған тарихты.

Көрсетші маған, Тәңір-ау!

Мен неге әлі зағиппын?

Ол әлі неге саңырау?

 

Боз жусандардан естілед әлсін қоңыр ән,

Көз ұшында сағымы –

Айға өрлеп шыққан кеменің.

Күбірлеген көлеңкелердің соңынан,

Бесігімді сүйреп келемін...

 

 

Феникс

 

Терезеге асылды

Күн сәулесі тым жасық,

Күнәсіндей өмірдің сіңіп жатты құмға су,

Қараңғыдан үзілді періштенің сұлбасы.

 

Бөлме іші қалғыды таң атқанда арайлап,

Сен ұсынған күнәнің тұнбасындай зәһәрді,

Менің көзсіз көңілім сіміруді қалайды-ақ.

 

Төрт қабырға сыртына айқайлайды шындығым,

Сенің тәнің күң бүгін,

Менің жаным құл бүгін,

Қара оранған тағдырдың құшағына сүңгідім.

 

Ғазал әрі ғарыштық – сәуле мен тән сүйісі,

Көлбеңдейді бөлмеде биіктікке таласып,

Кеңістікте аңқыған құштарлықтың иісі.

 

Өксіп шыққан өзіңнен іңкәрлікке жуындым,

Ізгіліктен шегіндім,

Көркемдіктен бас тарттым.

Жассыз жылап қалды ол,

Сүмірейген сұлбаңды уата алмай буындым.

 

Өліп, қайта тіріліп,

Күліп, жылап жалыққан,

Отқа оранып қайтадан тұра келді табыттан,

Есімсіз һәм бейнесіз ұшып кетті қалықтап.

Өзгеге!

 

 

Үрей

 

Сезініп үлгермей түсінем,

Күрсініп үлгермей күз демін.

Руханияттардың ішінен,

Өзімді іздедім,

Өзгені іздедім.

Адасқақ жолдарға бет алып,

О, қарсы ағысқа тосамын бетімді.

Жалқы батырлармен жеке алып,

Қыдырып қойса да етімді,

Сабырлы күйімді сақтағым келеді!

Жаттағым келеді өмірлік дұғалар.

Содан соң кім маған сенеді?

Кім менің сөзімді құп алар?!

Көне алмай өзгенің жоғына,

Барынан қалған соң көңілім.

Бір сәттік сезімдер шоғына,

Өртеніп кеткенде өмірім,

Түсіндім өзексіз екенін...

Мағына таба алмай кең күннен,

Қараңғы түндерге көңілсіз жетемін...

Мен кіммін?

 

***

О, менің сағынышым күздегі,

О, менің қилы-қилы пешенем.

Нешінші жыл өтіп жатқан сіздегі?

Нешінші күз сурет салды көшеге?

 

Қай уақытта суып кеткен қыркүйек?

Қашан көше суық түскен боялған?

Жанымды кеп құлатпады жыр сүйеп,

Тәнімді тек тітіркентті ой, арман.

 

Күз – сағыныш!

Қаяу берді көңілге,

О, егіз күз қалауын тап сыңардың.

Мұң мен ойдың ортасы тең өңірде,

Бәлкім осы күзде өлетін шығармын...

 

Қыркүйекке нали берем несіне?

Жаттатамын әлі күзге атымды.

Кім біледі, сақтап қалар есіне,

Көше кезіп жүрген мына ақынды.