Фото:egemen.kz
Бүгін Парламент Мәжілісі отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстанның батыс өңіріндегі киікке қатысты және сол киіктің шамадан тыс көбеюуі салдарынан туындаған жергілікті шаруалар мәселесін көтеріп, ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Абзал Құспан киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар – аң атуды кәсіп қылған браконьерлер немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар емес, қарапайым ауыл тұрғындары екенін айтып, олардың жазықсыз сотталып жатқанын айтты. Депутат өз сөзінде сотталған азаматтардың туыстарымен жүздескенін жеткізді де, Сот пен Үкіметтің әрекетін сынға алды.
Депутаттық сауалдың толық нұсқасы:
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Еліміздің батыс өңіріндегі киікке қатысты және сол киіктің шамадан тыс көбеюуі салдарынан туындаған жергілікті шаруалар мәселесін былтырдан бері тұрақты түрде көтеріп келемін, алайда Үкімет бұл мәселелерді шешуде қауқарсыздық танытуда.
Бүгін, осыдан туындаған және бір мәселе – киіктің дериваттары үшін көрінеу заңсыз, әділетсіз сотталып жатқан ауыл азаматтарының жағдайын айтамын. Иә ағайын, киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар – аң атуды кәсіп қылған браконьерлер емес немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар емес, қарапайым ауыл тұрғындары.
Оларды әділетсіз сотталды деуіме нақты дәлелім, мен оқып танысқан жүзден астам сот актілері. Киікті атпаған, бірақ оның мүйізін сатқан (жинаған, сақтаған, тасымалдаған) адамдарды қоршаған ортаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге залал келтірді деп, жаппай соттау практикасы 2021 жылдың тамыз айынан басталды. Оған негіз мына менің қолымдағы, Жоғарғы Соттың сол кездегі қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болған Абдрашит Жүкеновтың облыстық сот басшыларына жолдаған нұсқау хаты. Хат қылмыстық кодекстің 339 бабын түсіндіру/разьяснение деп аталғанымен, мәні бойынша тікелей нұсқау формасында рәсімделген. Ол хаттың жазылуына, өз кезегінде сол кездегі бас прокурор Ғизат Нұрдіулетовтің ақпараты негіз болған.
Осының салдарынан, киікті атуға қатысы жоқ азаматтар бұрын қылмыстық кодекстің 339 бабының 1 бөлігімен сотталып келсе, 2021 жылдың тамыз айынан бастап, олардың әрекеті сол баптың 3 бөлігімен дәрежеленіп, мойындарына жүздеген миллионнан бірнеше миллиардтаған сомаға айыппұлдар салынып, нақты бас бостандығынан айыруға сотталуда.
Бұл жерде мен зерделеген сот актілеріндегі негізгі қателік ол, кез-келген қылмыстық іске қатысты қолданылатын басты принцип – қылмыстық әрекетпен одан келген залалдың арасындағы себеп-салдарлық байланыстың (причинно следственная связь) анықталмауы. Барлық жағдайда іс бір сценариймен жүреді, киіктің мүйіздері табылады, іс қозғалып, Үкімет тарапынан экология министрлігінің уәкілетті комитеті арқылы киіктің құны шығарылады (бір киік 2,5 млн), ал тергеу органдары мен сот азаматты киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін соттайды. Ол киіктің өлу себебі, өз ажалынан ба, табиғи апатты жағдайлар ма, басқа қарулы адамдар тобы атып өлтірді ме, тергеу де, сот та анықтамайды! Одан басқа, сот сол киіктің мүйіздерін бір тиындық құны жоқтығы себепті, қажеттілігі болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ!
Мен жаз айында осы жағдайлармен сотталған азаматтардың туыстарымен жүздестім, БҚО адвокаттар алқасында жиналыс өткіздім, өзім білетін судьяларға да жолықтым, бәрінің айтатыны – Жоғарғы соттан келген нұсқау хат, болды!
Павлодар қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кездестім. Ол жерде 58 азамат отыр, әрқайсысының мойнында мына ғұмырларында өтеп бола алмайтын залал бар, осының салдарынан көптеген отбасылар ажырасуда. Ең сорақысы, іштерінде бірде-бір браконьер жоқ, есесіне Ауған соғысында басынан зақым алып, жүйке аурулары салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын азамат отыр.
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Конституциямызға сәйкес, Сіз Республикадағы барлық заңдардың мүлтіксіз орындалуын қаматамасыз ететін, ең жоғарғы қадағалаушы органның басшысы ретінде,
1. Сізге дейінгі, Бас Прокурор тарапынан Жоғарғы Сотқа жолданған ақпаратты кері қайтаруды;
2. Жоғарғы Соттың облсот төрағаларына жолдаған 2021 жылғы тамыздағы нұсқау-хаттың күшін жоюға,
3. Қылмыстық кодекстің 339 бабы, 3 бөлігімен шыққан сот Үкімдеріне талдау жүргізіп, наразылық беруді сұраймын.
Сол арқылы, әр судьяның істі қарау барысындағы тәуелсіздігі туралы Конституциялық норманың сақталуына, әділетті сот практикасын қалыптастыруға және заңсыз сотталған азаматтардың Конституциялық құқықтарының сақталуына ықпал ететін боласыз.