16 ақп, 2018 сағат 13:11

Абзал Құспан: Азаматтарға 10 сотық жер беруге қарсымын

Тәуелсіз заңгер, адвокат Абзал Құспан азаматтарға 10 сотық жер беруге қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Кейбір адамдардың көңіліне жақпауы мүмкін, әрине, бірақ мен 10 сотық жер беруге өз басым қарсымын. Неге? Себебі барлық азамат 10 сотық жерді қалалық жерден, облыс орталығынан алғысы келеді, ауылдан жер берсе, бас тартады. Конституция, жер кодексі бойынша да 10 сотық жер бәріне тиесілі. Бірақ, "архитектуралық ансамбль" деген ұғым бар. Қазір Алматы қаласына барып көрсеңіздер, Алматы жартылай қала, жартылай колхоз деуге болады. Өйткені біреулер коттедж салады, біреу сала алмай жүреді. Соның салдарынан қаланың бейнесі, көркемдігі, ұсқыны бұзылып бара жатыр. Қазір барлық қала солай, бет-бейнесі өзгеріп кетті. Азаматтардың барлығы 10 сотық жер алып, жекеменшік үй салып алуға әуес", — дейді адвокат.  

Құспан бұл тұста шет елдерді үлгі етті. 

"Бәріміз шет елдерге шығамыз, әдемілігіне тамсанып қайтамыз. Елордамыз қалай әдемі салынып жатыр?! Егер Астананың жартысынан жер беріп қойсақ, мынадай келбетін көре алмаған болар едік. Сондықтан осыған байланысты өзімнің қарсылығымды айтып түсіндіріп жатырмын. Жеке үйлерді ауылда салу керек", — деген пікірін білдірді адвокат жер заңына байланысты қоғамдық талқылауда.