30 жел, 2019 сағат 11:14

Абыз Әбіш, аңыз Әбіш

Естелік жазу ежелгіде қалыптасқан әдеби тәсіл. Ол бірақ шығармашылығы шырқау көкке көтерілген жайсаң жазушының, қазақтың асыл азаматының сан қырлы бекзат болмысы мен қаламгерлік қарымын саралай салмақтап, ғұламалық ғибратын бағалау емес. Өйткені Әбіштің дарынының даралығын, санасының саралығын, сөзінің суреттілігін, білімінің бірегейлігін қотара қамтып айту үшін өзің де зердесі зерек зерттеуші, ойы терең оқымысты болуың керек. Бұл тақырып талай жазылған, әлі де жалғаса бермек. Таңғажайып талантымен танылған Әбіш Кекілбайұлының тұлғалық әлемі том-том монография жазылса да таусыла қоймас. Ал менің айтпағым Әбекеңнің жол-жөнекей болмаса, жете көңіл бөлініп, астары ашыла айтылмаған көсемсөзшіліген бір үзік әңгіме ғана…

Әйтсе де, әңгімемді Әбіш аға­мен кездескен сәттерден есімде қалған бірер оқиғаны айтудан бастағанды жөн көрдім.

Әбекеңнің туған күні қарса­ңын­да мен де көптен көкейімде жүрген бірер ауыз сөзімді айтуға асықтым. Ол да себепсіз емес. Рас, мен Әбіш ағамен қоян-қолтық араласып, қатар жүріп сырласқан, ең ақыры қызметтес те болғаным жоқ. Ара-тұра жиын-тойларда, әдеби кештерде кезігіп, танысып, жылы жүздесіп, сәлемдесіп жүрдік. Әлгі «Бір шөкім бұлтты» оқи сала радиопьеса жазып, ол Қазақ радиосы арқылы белгілі актерлердің орындауында тыңдарманға жеткен. Өзі естіді ме, жоқ әлде таныс-біліс біреулер айтты ма, әйтеуір Жазушылар одағында жолығып қалғанда рақмет айтқаны есте.Үш жыл әскери міндетімді атқарып, «Лениншіл жастағы» бұрынғы қызметіме кіріскен кезім еді. Сол еңбегіме берген қаламақыма теледидар сатып алып, бір жарылқанып қалғанмын. Сол алғашқы кітабын оқығаннан бастап, Әбекеңнің барлық шығармаларын құмартып оқыған мың сан оқырмандардың бірімін.

Әбекеңе байланысты тағы бір сырымды айта кетсем артық болмас. Бір қызығы, екеуміз адами тіршілікте тағдырлас екенбіз. Менің де әкем кешегі қанды қыр­ғын соғыста қаза болған. Менің де алғашқы жұмыс орным – «Ле­ниншіл жас», өлеңім де тұңғыш осы газетте жарияланған еді.

Енді бір есте қалған оқыс оқи­ғаны айта кетейін. Ұмытпасам, 1988 жылдың көктем айының бір күні еді.Таң бозында бір әс­кери адам келіп, қолыма шақырту құжатын ұсынды да, тез киініп, жол­ға шығуымды, сыртта көлік күтіп тұрғанын айтты. Себебін тү­сін­дірген жоқ. Үш жыл сарбаз­дың сұр шинелін киіп, Қиыр Шы­ғыста әскери борышымды өтеп қайтқанмын. Ол аз дегендей, ойда-жоқта қайыра әскерге шақырылып, екі жыл офицерлік міндетімді атқарып келгенмін. Содан Боралдайдың шығыс жағына жайғасқан әскери бөлімнің клубына келіп түстік. Айналама абайлай көз салсам, алдыңғы қатарда Әбіш ағам отыр. Жүгіріп барып сәлем беріп, жағдай сұрасам, ол да бейхабар екен. Айтқандай, Әбекең де, мен де балалы-шағалы болсақ та, әскерге алынып, екі жыл сардар − саяси қызметкер міндетін атқарып қайтқанбыз. Бір кезде өңкей қаракүл папақ киген әскерилер сахна төріне көтеріліп, ішінен біреуі сұстана сөйлеп берсін. Ол кеңес әскерлерінің Ауғанстанда соғысып жатқан кезі еді. Сөйтіп соған орай запастағы офицерлік шені бар, бұрын әскер қатарында борышын өтеген біздерді сол со­ғысқа жедел аттандыруға шақыр­тыпты. Айтуынша, уақыт тығыз, жолға шығуға даярлану үшін екі-ақ күн беріліпті. Межелі жерге жеткен соң ұшақтан парашюттан секіріп, бірден ұрысқа кіреді екенбіз. Осы сәт Әбекең орнынан атып тұрып әлгі полковникке сұрау салды:

− Мен де, мына қасымдағы жор­налшы жігіт те ұшақ түгіл қо­рап­ты машинадан секіріп көр­меппіз. Сонда қалай, бізді қаралай өлтіру үшін әдейі апармақсыздар ма?!

– Ол қалай,сендер десантшы емессіңдер ме?

– Қайдағы десантты айтып тұрсыз?

Жиналғандардың бірқатары айғай-шуға басты. Басқа әскер құ­рамында болғандар мына сөздерінің қисынсыздығына қайран қалуда.

 Әлгі полковник сөзден тосылып, қасындағы военкомат капитанына ақыра сөйледі.

– Бізге керегі десантшылар қатарында болғандар екенін арнайы ескерткеніміз қайда? Бұл неткен сорақылық?

Сонымен не керек, Әбекең екеуміз аман-сау үйімізге қайттық. Әбекең сауал қоймаса, алды-артымызға қаратпай соғысқа ат­тандырып жіберетін еді-ау. Әкелеріміз соғыс құрбаны болған Әбекең екеуімізді Құдай аяп, бір өлімнен сақтап қалғанына шүкір. Жолай екеуіміздің бұрын да балалы-шағалы болсақ та, ойда-жоқта, заңсыз десе де болғандай, екі жылдық өмірімізді әскери ор­тада өткізгенімізді, оның шы­ғармашылыққа қаншама кеселі тигенін есіне алып Әбекеңнің бір күрсініп алғаны бар еді…

Бір жолы «Атамұра» баспа­сы Маңғыстау облысына арнал­ған энциклопедиясының тұсау­ке­серіне шақырған. Әбекең де келген екен. Мен қолтаңба сұрадым. Әбекең екеуіміздің кенеттен опат боп кетуіміз мүмкін болған кезімізді, тосыннан Ауған соғысына аттана жаздағанымызды есіне түсіріп: «Бір кездері полктас-тағдырлас болған Қуанышбай бауырыма менің туған жерімнің тарихымен таныса жүрсін деген тілекпен – Әбіш Кекілбайұлы», – деп әлгі кітапты сыйлаған еді…

Әбіш ағамен қайсыбір той-томалақта жолығып, дастархан басында дәм татысып, сөйлескен де сәттер болған. Соның бірі – Фариза Оңғарсынованың баласы Алмастың үйлену тойы. Сондай сәттерде байқағаным Әбекеңнің әрдайым жарқылдап күліп, маңайындағы адамдарға әзіл-қалжың айтып, өте бір көңілді отыратын жайсаң мінезді, жігіттің төресі екендігі еді. Айтпақшы, бұл тойдың есте қалған ерекшелігі: біріншіден, алғаш рет арақ-шарап құйылмаған, екіншіден, тойды әдеттегідей жалдамалы асаба емес, Әбіш пен Қадыр кезектесіп басқарған.

Ендігі әңгіме ауаны – бар ғұ­мырын халқына қызмет етуге бағыштаған Әбіш Кекілбайұлының жазушылығының жалғасы, қайраткерлігінің бастауы көсемсөз жанрындағы жазбалары хақында.

Ұлт әдебиетін ұшпаққа көтеріп, шығармалары өзге тілдерге аударылып, дарыны даңқын асырған, нағыз таланты толыққан шақта, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Әбіш Кекілбайұлы бірыңғай мемлекеттік қызметке қызу араласты. Алмағайып заман туғанда өмірден көрген-білгені, көңіліне тоқығаны мол азаматтың атқа қонбасқа амалы қалмаған. Елінің еңселі ер-азаматтарына қосылып, тәуелсіздіктің туын көтерісіп, ұлтының азаттығын армандаған Алаш қайраткерлерінің мұрат-мақсатын жүзеге асыруға аянбай атсалысты. Өмір-тіршіліктің қай саласын болмасын, әр қырынан алып өз пікір-толғамын толғай жазды.

Мемлекеттік мәртебесі биік жауапты қызметтерді атқара жүріп те күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді – Тәуелсіздік, ұлттық бірлік, тіл, жер, тарих, әдебиет, өнер, әлеуметтік тіршілік турасындағы толғақты ойлары мен түйінді тұжырымдарын жан-жақты қамтып, жарқырата жазған елеулі еңбектері «Дәуір дауысы», «Тіл мен тәуелсіздік», «Азаттықтың ақ таңы», «Сыр-десте» (бес томдық) аталымды кітаптарында кестелеген. Бұл кітаптарға енген публицистикалық мақалалар кезінде түгелдей рес­пу­бликалық баспасөз беттерінде жарық көрген. Осының бәрі қай­раткер қаламгердің, қазақ баласының, туған елінің бүгіні мен болашағының жолында ұстанар өмірлік бағыт-бағдары деп бағалауға лайық. Шешіліп те көсіліп сөйлеп те, жазып та ұлтының ұстыны, ел жақсысы – ел ағасы атанғаны ақиқат. Әбе­кең – жігерімізді жанып, на­мы­сымызды оятатын дуалы сөздерімен ел болудың жасампаз жолын көрсетіп, көсемдік пен көрегенділіктің үздік үлгісін ұсынған кемеңгеріміз. Халқының көңілін қобалжытқан, санасын сансыратқан, шешімін тосқан елдік мәнді мәселелерді қозғап, ұлтқа қызметтің үлгісін көрсеткен де Әбіш еді. Сол бір қысталаң уақытта көсілтіп көсемсөз жазып, ел мүддесін түгендеп, мұратын мансұқтап небір орамды ойларымен бөлісіп, ел-жұртын сүйсінтті. Қазақ әдебиетіне құбылыс әкелген Әбіштің көсемсөздегі орны көркемсөзінен бір мысқал да кем емес. Ұлт руханиятының бәйтерегі санатындағы саңлақ саясаткер, қабырғалы қаламгердің абызға тән асыл сөздері, терең ойлары, тұңғиық тұжырымдары халқының жүрегіне жазылып, өшпес өнеге болып қалары хақ.

Әбіштің руханият қай­нар­ларының қай саласынан да терең білімдарлығы, зерделі зерттеулері оның жаратылысынан ғұламалық қасиетке ие болғандығына бұл­тарт­пас дәлел. Бұл пікіріміздің ақиқаттығына көз жеткізгісі келген кісілер жазушының 20 том болып жарыққа шыққан кітаптарын оқыса болғаны… Қай салада қалам сілтесе де, мәселенің жілік майын шағып, оның бастауы мен бүгінгі жағдаяты туралы бас алмай оқып, көкірек көзі ашылып, жандүниесі рухани байыры сөзсіз. Олардың әрқайсысына тоқталып, талдай түсіндіру үшін арнайы ғылыми трактаттар жазуға тура келер еді. Бұл мақаладағы менікі тек сілтеме жасау. Алайда бір ғана мысалға жүгіне кетейін. Мысалы, 2007 жылдың мамыр айында «Еге­мен Қазақстан» газетінің үш бірдей санында жарияланған «Өркениет өзегі» деген эссесін оқып шыққан кісі кітап бастырып шығарудың қай елде, қай тілде, қандай әріппен, қашан, қалай басталып, қалай өркендегенінің түп тарихына қанығар еді. Ғалым Әбіш қазіргі кезеңдегі кітап шығару, оны тарату мен оқыту барысын байыптай отырып, «ұлттық намыс, рухани елжандық күш-жігермен шығармашылық қалыптастырған суреткерлік, зерттеушілік, ізденім­паздық әлеуетімізді тәрк етіп» алмауымызды аманаттаған. Кеше­гі кеңестік заманда өлең кітаптары он мың, ал прозалық ең­бектері елу, алпыс, тіпті жүз мыңдап шығып, сатылғанын еске ала отырып, «әлі түгелдей айығып болмаған экономикалық қиыншылықтар тұсында ең оңбай тұралаған – ұлттық кітап басу екені рас. Бірақ солай екен деп, қол қусырып қарап отыруға болмас. Мемлекет өз азаматтарының рухани денсаулығына да немқұ­райы қарамауға тиіс. Ұлттық байлығымызды, ұлттық бизнесті дамыту үшін ұйымдастырылған «Қазына», «Самұрық» сынды құрылымдар ұлттық өнер мен әдебиетті нарық жолы­мен да­мытудың кешенді бағдарла­масын қолға алып, жүзеге асырғаны жөн». Міне, Әбекең ұлттық жаңғыру­дың жаңаша жолын осылайша түйіндеген. Бір бұл ғана емес, тә­уел­сіздіктің тұғырын бекіту мақ­сатындағы мәселелердің ішін­дегі руханият саласының өсіп-өркендеуіне қажетті шаралардың шешімін табуына байланысты өз ұсыныстарын биліктің биік мінберлерінде, баспасөз беттерінде айызымызды қандырып айтып, жеткізуден алдына жан салмаған саясаткер-суреткер жазушыға қазақ халқының ризашылық білдіруінің, қадірлеуінің сыры осында шығар.

Көрнекті көсемсөзші Кекіл­бай­ұлының елінің мұң-мұқтажын айтып, оның орнын толтырып, халқының мүдделі мақсат-мұра­тына жетуіне тілек қосып, жанашыр болып, ел басшыларына, билік биігінде жүрген азаматтарға қарата сөз арнауы – Алаштық рух­тың жалғасы деп бағалауға лайық қарекет. Басқа басылымдардан тыс, тек «Егемен Қазақстанда» 1500 беттен асатын 144 мақаласы жарияланыпты. Бас басылымның басшысы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, ол еңбек «Дәуір дауысы» атты кітап болып шықпақшы екен.

Қазақтың аса көрнекті жазушысы, кемеңгер қайраткері деп оның ғұламалық қадір-қасиетін қысқарта қайырсақ та, бәрібір ел-жұрты бізсіз де Әбекең сынды біртуар перзентінің Алашына алғаусыз сіңірген ерлікке тән ер­ен еңбегін, рухани мұрасын мәңгілік есінде сақтап, болашақта да өмірлік өнеге тұтатындығына кәміл сенімдіміз. Ел болудың елең-алаң тұсында ұлтты ұйытып, жалпақ елді жұмылдырып «Ойда­ғы­мыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді» деп аталы сөз айтқан абыз Әбіштің лебізі де, өзі де қайран қазағымен бірге жасайтыны, дүние тұрғанша тұратыны ақиқат. «Қандай қиындық болса да, оны жеңу үшін айқай-шу емес, қажырлы еңбек керек, болашаққа сенім керек, халқының бірлігі керек». Әбіштің күллі көсемсөзін біздерге қалдырған өсиеті деп қабылдауымыз керек. Міне, бұл – саяси қайраткердің сара сөзі. Қазақтың ұлт болып ұйысуы мен мемлекет болып қалыптасуы жо­лын­дағы қиын-қыстау өткелектері мен бүгінгі шыққан белестері, алдағы арман-аңсары, кемел ойлары, қоғамдық- саяси көзқарастары Әбіштің тереңнен толғап, алыстан аңдап жазған көсемсөздерінде барынша кеңінен баяндалған. Абыз қаламгердің шыңыраудай терең, көк зеңгірдей өр де биік ойларға тұнып тұрған әр туындысы ел жадында қашанда жаңғыра бермек.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты