02 қар, 2017 сағат 19:42

Абылай ханның Оңтүстіктегі ордасы

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»

Н. Назарбаевтың 
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан


Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында археологиялық тарихи орындарды дамытуды айтқан болатын. Осыған орай, тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Оңтүстік өлкеде түрлі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құнды дүниелеріміз қайта жаңғырып келеді. Жалпы, өңірде 1063 археологиялық, 218 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Қазірде бұл жерлерді тек қалпына келтіріп қана қоймай, туристік орындарға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Әлі де сыры толық ашылмаған сондай жердің бірі – Ханқорған қалашығы.

Ханқорған – қазақтың киелі мекені

Қаратаудың күнгейінде, Арыс өзенінің бойында (Қазіргі ОҚО, Сайрам ауданы) «Ханқорған» деген тарихи орын бар. Бұл сан ғасырлар бойы қазақ еліне қатысты маңызды оқиғалар өткен қалашық. Зерттеушілер Ханқорғанды Абылай ханның Оңтүстіктегі ордасы болғанын және өмірінің соңғы күндері осында өткенін айтады. 

Жаугершілік заманда Абылай ханның қазақ даласының әр жерінде резиденциялары болған. Оңтүстік өңірін аралау барысында осы Ханқорған Абылайдың жиі келетін жеріне айналған. Бір кездері Абылай хан Самарқанға барып, түс көріп, шұғыл түрде қайтуға шешім қабылдаған. Қайта келгенде Сайрам ауданының территориясында қалың әскеріне елдеріне қайтуға бұйрық берген. Ал өзінің айналасына 500-ге жуық сарбаз алып қалған екен. Осылайша, Абылай бабамыз өмірінің соңғы күндерін осы қасиетті мекенде өткізіп, 68 жасында, жұма күні дүниеден озған деседі. 

khan qorgan– Міне, осындай жағдайларға байланысты осы қорғанда бірнеше күн ешкіммен сөйлеспей, пәниден бақиға аттанып кетті. Қайтыс болғаннан соң оның денесін күннің ыстығында Түркістанға алып бару қиын болғандықтан, жылқыны сойып, соның терісімен қаптап Түркістанға алып барып жерлеген. Абылайханның соңғы демі үзілген Ханқорғанда қазақтың ханына мәңгілік ескерткіш орнатып, ашық мұражай ретінде пайдалануға берсе екен, – дейді Сайрам аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбеков. 

Ханқорғанға Абылай ханнан бөлек Керей мен Жәнібектің, Кенесарының және тағы да басқа атақты хандар мен батырлардың табаны тиген. Мәселен, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев бұл жерде Сыздық Сұлтанның да болғанын айтады. 

khan qorgan-2

Кезінде Кенесарының ұлы Сұлтан Сыздық орыс мемлекетіне бағынбай соғысып жүрді. Генерал-губернатор Калпаковский бірнеше уәкілдерін жіберіп, «Біздің мемлекетпен соғысуды қойыңыз. Түркістан өлкесінде қандай жерді таңдасаңыз, сол жерге барып тұрыңыз» деп дипломатиялық келісім ұсынған. Бұл кезде Сыздық Сұлтан Ауғанстанда болатын. Сөйтіп, Калпаковскийдің айтқанына көніп, соғысуды доғарады. «Сіз қай жерге барып мекендейсіз?» деп сұрағанда, Сұлтан Сыздық «Мен өзімнің бабам Абылайдың соңғы күндері мекендеген Ханқорғанға барып тұрамын» деген екен.

Зерттеушілердің пікірінше Ханқорған X–XI ғасырларға тән. Археологиялық экспедициялардың нәтижесі соны айғақтайды. Бұдан бөлек, қараханид заманындағы мыс тиындар, тұрмыстық ыдыстар және монша мен мешіттің орны табылған.

Ханқорған Сақ,  Ғұн кезінде болған...

Ханқорғанда сан ғасырлар бойы елімізге қатысты үлкен тарихи оқиғалар болған. Бұның ең бастысы Арыс өзеніне қатысты. Арыс өзені жағасында осыдан 2 мың жыл бұрын Арыс дейтін тайпа өмір сүрген. Бір жағы Жамбыл облысындағы Терісаққан өзенімен, екінші жағы қазіргі Қызылорда, Шиелі ауданы Қараспан дейтін тауға дейінгі аралықты қамтыған. Арыс деп аталуының бір себебі, тұрғындарының бойлары 2 жарым метрге жуық болған. Жер жыртумен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан. Өздерінің жерін, табиғатын қорғауда жанкештілік танытқан. 

khan qorgan-4

Бұл мекеннен Алатаудың аралығы 60-ақ шақырым жер. Өмір сүруге өте қолайлы аймақ болған. Осы жерде адамдар сонау Сақ, Ғұн заманынан бастап тіршілік еткен. 4-6 ғасырдан бастап, Орхон Енисей жазбаларында айтып кеткендей Саян, Алтай тауларының маңында өмір сүрген біздің түркі тектес әсіресе бізге өте жақын тайпалар өмір сүріп, кейін батысқа қарай жүріп кеткен. Сол қозғалыс барысында осы аймақтарды да игеріп өздерінің мал жайылымына, тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған. Сол қолданылған жерлерді сақтап қалу үшін әскери жасақтарын қалдырып және сыртқы күштерден қорғану үшін биік төбелерді көтеріп сол төбелерді сарбаздар қарауылдап, үлкен қорғаныс жасаған. Міне, сондай бекіністердің бірі осы – Ханқорған. 

Ханқорғанда 550 жыл бұрынғы біздің алғашқы хандарымыздың болғаны жазылған. «Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолын» еске алсақ, сол дәуірдегі заңдарда жерді сақтау, жерді кеңейту, қазақ халқын сақтау үлкен мәселе болған. Қазіргі еліміздің территориясы Қасым ханның кезінде қалыптасқан. Өйткені санаулы күннің өзінде 300 мың әскерін атқа қондыра алған. Ол кезде Ресей мемлекеті болмаған. Жеке-жеке княздік болған. Москва князі арнайы елшілік жіберген, оның ішінде башқұрттар мен татарлар да қазақ тілін біледі. Қасым ханға ел басқару, соғыс басқару техникасын үйрену үшін өтінішпен келген. Осы аймақта олар 7 ай бойы Қасым ханның қасында бірге жүріп соғыс, ел басқару тәсілдерін үйренген. 

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бір топ археолог ғалымдармен осы Ханқорған қалашығында болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған еліміздегі киелі жерлер мен тарихи орындарды насихаттау мақсатында өткен жиында Ханқорған қалашығын қалпына келтіру, ашық аспан астындағы музейге айналдыру, консервация жұмыстарын жүргізу жайлы сөз болды. Осыған орай, өңір басшысы сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Сапарғали Қанат, "Шымкент келбеті" газеті