Қазақстандық боксшы Әбілхан Аманқұл Токиодағы Олимпиада ойындарын жеңіспен бастады, деп жазады "Ұлт ақпарат".
75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромоновпен кездескен болатын.
Бірінші раундта екі боксшы ашық жұдырықтасты. Екеуі де жойқын соққылар жасады. Алайда бес төрешінің бәрі Фанат Қахрамоновқа жоғары ұпай берді.
Ал екінші раундта Әбілхан Аманқұл өз қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші раунд қазақстандық боксшының пайдасына шешілді.
Үшінші раундта Аманқұлдың джебі де, кросы да, хукы да дәл тиді. Сөйтіп қазақстандық боксшы 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Олимпиадада төрт боксшымыз қалды. Закир Сафиуллин (63 келі) мен Сәкен Бибосынов (52 келі) алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізген. Бүгін рингке Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) шығады.
Бұған дейін Қазақстанның әйелдер командасы атынан Токио Олимпиадасына жалғыз барған Надежда Рябец (75 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылса, Серік Теміржанов (57 келі) екінші айналымнан аса алмады. Бұдан бөлек, 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыға жол берді. Ал Василий Левит (91 келі) нокаутпен ұтылды. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан жеңіліп қалды.