07 ақп, 2022 сағат 12:23

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды - Президент


Алматы тұрғындары аса​ көрнекті​ қаламгер,​ Қазақстанның​ Еңбек​ Ері,​ Халық​ жазушысы,​ Ұлы ​Отан​ соғысының​ ардагері​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаралы жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын оқып берді. 

«Аса​ көрнекті​ қаламгер,​ Қазақстанның​ Еңбек​ Ері,​ Халық​ жазушысы,​ Ұлы ​Отан​ соғысының​ ардагері​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ Нұрпейісовтің​ дүниеден ​өтуіне​ байланысты​ көңіл​ айтамын.​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ сұрапыл​ соғысты​ бастан​ кешіп,​ елге​ оралған ​соң,​ қазақ​ әдебиетін​ өркендетуге​ сүбелі​ үлес​ қосты.​ ​

Ұзақ​ жылғы​ шығармашылық​ қызметі​ жемісті​ болды. «Қан​ мен тер»​ трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы​ сияқты​ туындылары​ сыншылар​мен​ оқырмандар​ тарапынан​ жоғары​ баға​ алды. Заман​ жүгін​ көтерген​романдары​ әлемнің​ көптеген​ тілдеріне​ аударылды.​ ​

Әбдіжәміл​ Кәрімұлының​ жаңа​ белесті​ бағындырған​ қазақ​ әдебиетін​ шетелге​ танытуға​ сіңірген​ еңбегі​ орасан​ зор. Ол​ ұлт​ руханиятының ​көшбасшысы​ болды.​ ​

Әбдіжәміл​ Нұрпейісов​ адам​ жанын​ терең​ түсінетін,​ түрлі​ тағдырдың ​бейнесін​ көркем​ суреттей​ отырып​ оқырманға​ жеткізген​ ойлы,​ кең​ тынысты​ жазушы​ болатын.​ Өмір​ бойы​ қолынан​ қаламы​ түскен​ жоқ.​ Қазақ​ елінің​ рухани-мәдени​ саласын​ дамыту​ жолында​ өлшеусіз​ қызмет​ атқарды.​ ​

Ол​ - ұлт​ классиктерінің​ жолын​ лайықты​ жалғастырған​ қуатты​ қаламгер. ​Солайша,​ өзі​ де​ қазақ​ әдебиетінің​ патриархына​ айналды.​ ​

Әбдіжәміл​ Нұрпейісовтің​ соңында​ ұрпаққа​ үлгі,​ ұлысқа​ игілік​ болатын ​шығармалары​ қалды. Елге​ ес,​ сыртқа​ сес​ болған​ жазушының​ енді​ екінші​ өмірі​ басталды.​ ​

Өнегелі​ ғұмыр​ кешіп,​ соңында​ мол​ мұра​ қалдырған​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлының​ жарқын​ бейнесі​ ұмытылмайды.​ ​

Халқымыз​ есімін​ әрдайым​ ардақ​ тұтады.​ ​Марқұмның​ иманы​ саламат,​ жаны​ жәннатта​ болсын», - делінген көңіл айту жеделхатында. ​