Аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Нұрпейісов Әбдіжәміл 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген. Ол - Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубына жетекшілік жасады.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастаған қаламгердің тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. Кейін қаламгер «Курляндия» романын өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады.
Сондай-ақ, оның «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары Дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған.
Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.
А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Ол - КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Көптеген орлен-медальдармен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.
2019 жылы жазушы 95 жасын атап өтті. Сол кезде Президент оған ерекше белгі берген еді. "Сіз біздің халқымызға керексіз", - деді Тоқаев Нұрпейісовке.
Ұлт порталының ұжымы қазақ жұртына қадірлі болған көрнекті қаламгердің дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!