Абайды тану оның шыққан тегін білуден басталса керек. Осы орайда Шығыс Қазақстандағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Меруерт Абламбаеваның редакциямызға ұсынған деректерінің маңызы ерекше. «ҚазАқпарат» ХАА музей маманының Құнанбай әулетінің шежіресі деректері туралы материалын ықшамдап назарларыңызға ұсынады.
Қазақтың ұлттық кодының бірі – шежіре. Оның тасқа басылып, ғылыми айналымға түсуін «Тарихи-и Рашиди» еңбегінің авторы Мұхаммед Хайдар Дулати мен «Жәми-әт-тауарих» жылнамасын жазған Қадырғали Жалаиридің заманымен байланыстыруға болады.
Меруерт Абламбаеваның мәліметіне сүйенсек, кейін бұл дәстүрді қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы жалғап, Шәкәрім Құдайбердіұлына арнайы зерттеуді тапсырған екен. Сөйткен ұлы ақынның өз әулеті мен үрім-бұтағы да бүгін бүтін бір шежіреге айналды.
«80 жылдық тарихы бар Абай музейінің қорында көптеген құнды қолжазба деректер жинақталған. Солардың бірі – шежіре. Шежіре тарихын жазуда Абайдың тікелей ұрпақтары ат салысып, өздерінің білген деректерін, естеліктерін қағаз бетіне түсіріп, абайтануға өзіндік үлес қосты деуге болады», - деп жазады Меруерт Абламбаева.
Музей қызметкері Абайтануға зор үлес қосқан ақын ұрпақтарының бірі Әрхам Ысқақов екенін айтады.
«Әрхамның әкесі Кәкітай Ысқақұлының Абай шығармаларының тұңғыш жинағын баспаға дайындау барысында ақынның ұлы Турағұлмен бірлесе отырып атқарған еңбегі баршаға мәлім. Әкесінен осындай тәлім, өнеге көріп өскен Әрхам Кәкітайұлы да бүкіл ғұмырын абайтанудың дамуына арнады. 1940 жылы Абай музейінің ашылуына орай жүзеге асырылған жұмыстардың ішіндегі маңыздысы ақын мұрасын жинастыру, ақынды көрген, білген адамдардың естеліктерін жазып алу, жинақтау жұмыстарын жүзеге асыруда Әрхам Кәкітайұлының еңбегі үлкен. Аталмыш жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында музей өз тарапынан арнайы іссапарлар ұйымдастырған», - дейді Абай мұрасының шырақшысы.
Шынымен де Абай мұрасын жинақтауда Әрхам Ысқақовтың ақын ұрпақтарының шежіресін таратып жазған еңбегі орасан деуге болады. Солардың бірі музей қорындағы «Абайдың үрім-бұтағы» тақырыбындағы кесте түрінде толтырылған қолжазбасы. Әрі қарай сөзді осы деректің бәрін көз майын тауысып жинақтап, қағаз түсірген Меруерт Абламбаеваға берейік.
«Кестеде Абайдың балалары, олардан тараған немерелері, шөберелері, жиендері турасында жазылған. Қара түсті қарындашпен сызылған кесте бағаналардан тұрады. Бағаналарда реттік саны, аты-жөні, Абайға жақындығы, туған, өлген жылы, қазіргі тұрағы, қызмет орны, ескерту жазбалары жазылған. Жазба соңында «Жазып алған кіші ғылыми қызметкер С.Дөненбаева, түсінік айтып отырушы Абайдың шөбересі Ысқақов», - деген қолтаңба қалдырылған. Қолжазба 1948 жылы 24 желтоқсанда қағаз бетіне түсірілген. Альбом түрінде түптелген, көлемі 6 бет. Өлшемі 36х40 см. Қолжазба сарғыш түсті қағазға көк түсті сиямен толтырылған. Түзетулері бар.
Музей қорындағы Әрхам Ысқақовтың келесі қолжазбасы «Абайдың өміріне қатысты деректер» атауымен жазылған топтама. Сызба түрінде берілген шежіре Олжайдан бастап Құнанбайға дейінгі ұрпақтарды таратып жазады. Сызба соңында «жазған Архам Искаков» қолтаңбасы қойылған. Шежіре А4 көлемдегі сарғыш түсті қағазға көк түсті сиямен жазылған.
Әрхам Ысқақовтың «Құнанбай балаларының тұқымының қазіргі тірісі» жазбасында Құдайбердіден тараған ұрпақтарын көрсетіп, Шәкәрім, Абай ұрпақтарының тұрғылықты мекен-жайы, қызметі турасында ақпарат жазады. Сонымен қатар Абай ұрпақтарының 1941-1943 жылдар аралығында соғысқа кеткендері және Абайдан тараған көзі тірі қыз балалар турасында мәлімет береді. «Исқақ Кәктай оның баласы Архам 75 жаста...» деп өзінен тараған ұрпақтары жайында да мағлұмат береді. Мәтін соңында «Осы мәліметті беруші Архам Искаков. 26/XI. 1959 ж.» мазмұнды жазба жазылған. Қолжазба А4 көлеміндегі сарғыш түсті бетке көк түсті сиямен жазылған. Түзетулері бар. Жалпы көлемі 7 бет.
Музей қорындағы келесі шежіре Мінәш Әрхамқызына тиесілі. Мінәш Әрхамқызының «Мен жазушы да, ғалым да, зерттеуші де емеспін...» деп басталатын естелігі (КП-6716/1) қазіргі әріптегі қолжазба түрінде жазылған. Естелікте Құнанбай қажының бәйбішесі Күнкеден дүниеге келген Құдайберді және оның ұрпақтарына тоқталады. Сонымен бірге Ахат Құдайбердіұлының әкесі Шәкәрімнің сүйегін елге қалай әкелгендігі турасындағы естелігімен бөліседі. Қолжазба 1998 жылы 10 шілдеде Семей қаласында жазылған. Көлемі 14 бет. Қолжазбаны оқушы дәптерінің беттеріне жазылған.
Мінәш Әрхамқызының келесі естелігі «Алып анадан туады» (КП-6717/1) деп аталады. «Ұлы бабаларымыздан, Олжайдан: Қайдос, Айдос, Жандос атты үш ұл болыпты...» деп басталатын естелігінде «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын тілге тиек ете отырып, Абайдың арғы тегі Ырғызбай, Өскенбай, одан тараған Құнанбай, Абай ұрпақтарының өмірі мен ел тарихын байланыстыра отырып баяндайды. Естелік машинкада терілген. Жалпы көлемі 22 бет. Қағаздың өлшемі А4.
«Құнанбай – Ұлжаннан Тәңірберді, Абай, Оспан, Ысқақ Құнанбайұлынан тараған ұрпақтар» шежіресі. (КП-6717/3). Шежіре Ысқақ Құнанбайұлынан тараған Кәкітай, Ахметбек, Әрхам, Хамит, Сәбит, Шағатай және т.б. ұрпақтарын көрсетеді. Тізім түрінде берілген Ысқақ Құнанбайұлы ұрпақтарының шежіресінде ұлдарымен қатар қыздардың да аты көрсетіледі. Сонымен қатар есімдерінің қатарына дүниеге келген жылдары және кейбір ұрпақтарының дүниеден өткен жылдары берілген. Көлемі 3 бет. Қағаздың өлшемі А4. Жазба соңында «Ысқақ – Құнанбай ұрпақтарын жазған Мінәш Әрхамқызы. 1994 жыл, желтоқсан. Абай-Қарауыл» деген ақпарат берілген.
Музей қорындағы шежіре тарихына қатысты келесі құнды жазбалар Ниязбек Алдажаровқа тиесілі. Н.Алдажаров 1976-1984 жылдары Жидебайдағы Абайдың музей-үйі меңгерушісі қызметін атқарған. Ол өзінің Абай ауылындағы көпті көрген көнекөз ақсақалдардан сұрап, білген естеліктерін қағаз бетіне жүйелеп, реттеп түсірген. Музей қорында Н.Алдажаровтың «Ырғызбай Жортар туралы естелік уақиғалар» (КП-3617). Мұқабасы күлгін түсті оқушы дәптеріне жазылған. Жазуы анық, беттер нөмірленген. Қолжазбада 27 октябрь, 1983 ж. Жидебай жазбасымен қатар автордың қолтаңбасы қойылған), «Әйгерімнің балалары, Турағұл туралы» (КП-6702. Мұқабасы сары түсті оқушы дәптеріне жазылған. Жазуы анық, беттер нөмірленген. Қолжазба соңына «13 декабрь, 1983 ж. Жидебай»,- деген жазумен қатар қолтаңба қойылған), «Абайдың немересі Әубәкір туралы» (КП-6703. Мұқабасы көк түсті оқушы дәптеріне жазылған. Жидебай. 05.02.1984 жыл), «Олжай ұрпақтары. Айдос, Қайдос, Жандос» (КП-6705. Мұқабасы ақ түсті қалың дәптерге жазылған. Дәптерде жалпы саны 72 бет нөмірленген. Жазба 65 бетке дейін жүргізілген. Жазуы анық, түзетулері бар. Қолжазбаның жазылған мерзімі көрсетілмеген), «Менің естелігімді оқығандардың есіне...» (КП-6707. Мұқабасы көк түсті қалың дәптерге жазылған. Қолжазба жиыны 186 беттен тұрады. Дәптердің соңғы бетінде естеліктің мазмұны берілген. Осы еңбектің. «Ескертпе» бөлімінде автор Олжайдан бастаған Ырғызбай, Кеңгірбай, Өскенбай, Құнанбай, Абай ұрпақтарының өмір сүрген уақытын, жерленген жерлерін көрсетеді.
Шежіре – қазақ тарихымен бірге жазылып келе жатқан өткеніміздің куәсі. Біз шежірені оқи отырып сол замандағы тарихи оқиғалармен, қоғамдық қатынастармен, елдегі, белгілі бір аймақтағы халықтың әл-ауқаты, тұрмысы турасында мағлұмат аламыз.