26 там, 2020 сағат 15:18

Абайдың туған күнінде 16 зерттеу еңбегі жарық көрді – ЕҰУ ректоры

10 тамыз күні Абай туралы 16 зерттеу еңбегі жарық көрді. Жыл соңына дейін тағы 20-дан астам кітап шығару жоспарда бар. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов Абайға арналған кітаптың тұсаукесерінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абайға арналған кітап қанша шықса да аздық етпейді. Абайды зерттеу, насихаттау енді басталды. Оған мұрындық болып отырған Абайдың өзі және оның қажеттілігін халыққа жеткізіп отырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол Абайдың тойы біз үшін ғылымның, рухтың, мәдениеттің тойы болуы керек екенін айтты», - дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы міндет – Абайды әлемге таныту.

«Абайды әлемге таныту керек, себебі ол қазақ халқының ғана емес, адамзаттың Абайы. Ол ұлы гуманист. Абайды әртүрлі тілге аудару арқылы насихаттау – басты бағыттардың бірі болуы керек. Президент Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында ЕҰУ-да «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған болатын. 6 айдың ішінде өз қаражатымызбен арнайы жобаны іске асырдық. 100-ден астам зерттеуші жұмыс істеуде. 16 зерттеу еңбегіміз 10 тамыз күні жарық көрді. Жыл соңына дейін тағы 20-дан астам кітап шығару жоспарда бар», - дейді ол.