08 там, 2025 сағат 21:09

Абайдың мерейтойы Дженнифер Лопестің концертінің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па? ‒ Мәдениет комитеті төрағасы жауап берді


Фото: Ортком

Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концертінің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па? Бұл туралы Ult.kz тілшісі 8 тамызда Астанада Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына байланысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасы Ерлан Дәкеновтен сұрады.

Дженнифер Лопестің концертін ұйымдастыру кезінде Абайдың мерейтойы да тура сол уақытта тойланатыны неге ескерілмеді? Бұл сұраққа жауап берген Мәдениет комитеті төрағасы Абай тойы бір жыл бойы тойланып келеді, ал америкалық әншінің концерті бір реттік қана екенін жеткізді. Сондықтан оның ойынша екі іс-шараның бір біріне әсері жоқ.


Фото: Ерлан Дәкенов / Ортком

"Абайдың 180 жылдығы үлкен мемлекеттік ауқымды іс-шара. Жылдың басынан бастап, 5000-нан аса үлкен меркелік іс шаралар өтіп жатыр. Жылдың аяғына дейін әлі де көптеген іс-шараларымыз бар. "Абайдың мерейтойы Дженнифер Лопестің концертінің көлеңкесінде қалып қоймай ма?" деген сұрағыңызға толығымен жауап беремін - қалмайды. Өйткені бізде ауқымды іс-шаралар күніге өтіп жатыр. Оны өздеріңіз байқап отырсыздар. Бір сағаттық концертке бола... Бізде бір жыл бойы іс-шаралар жасалынып жатыр", - деді Ерлан Дәкенов.


Айта кетейік, Дженнифер Лопестің концерті 1 тамызда Астанада өтті, енді 10 тамыз күні Алматыда өтетін болады. Ал ұлы ойшыл дүниеге келген Семей өңірінде 1 - 10 тамыз аралыңында Абай Құнанбаевтің 180 жылдық мерейтойының онкүндігі тойланып жатыр. Еліміздің басқа өңірлерінде де Абай мерейтойына байланысты шаралар өтуде.

Америкалық жұлдыздың концерті Абайдың мерейтойына тұспа-тұс келгендігі кей бір азаматтардың ашуын туғызып, атақты әншінің концертіне бойкот жариялағандар бар екенін бұған дейін жазғанбыз.

«Егер Лопес дәл Абайдың 180 жылдық мерейтойы ресми басталған 1 тамыз күні Астанада концерт беріп, дәл Абайдың юбилейі мәресіне жететін 10 тамыз күні Алматыда концертін тәмамдамағанда мен бұл шараға ештеңе демес едім», деген болатын дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай.


Ал журналист Сәуле Әбілдаханқызы Лопес концертін Абай күндеріне қоюы - ұйымдастырушылардың, министрліктің әдейі істегені, бұл жүйенің қазақ руханиятына да, Абайға да түкіргені деп санайтынын жеткізген.

Алайда әлемге әйгілі Дженнифер Лопестің талантына тамсанғандар бұл пікірлермен келіспеді. Мысалы Жазушы, журналист Қанат Тілеухан:

"Бір рөлі үшін қаршадай кезінде бір млн доллар тапқан талант. Әлемге мәшһүр Голливудттың даңқ алеясына есімі қашалған актриса. Кинодағы сол өнері үшін Оскардан кейінгі мықты «Алтын глобус» бәйгесін жеңіп алған. Бір жылдары Форстың жазуы бойынша әлемдегі ең ықпалды әйелдердің қатарына кірді", - деп мақтаған еді.


Оқи отырыңыз: Көзқарастар қақтығысы: Абайдың 180 жылдығы немесе Джей Лоның концерті