11 там, 2025 сағат 13:08

Абайдың қарттық туралы өлеңдері

Фото: Ана тілі газетінен

Абай поэзиясында қарттыққа, кәрілікке көп орын бірелген. Кәрілікті алуан түрлі теңеумен, түрлі-түрлі күйде сипаттауы, жастық шақпен салыстыруы ақынның терең философиялық ойды жеткізу тәсілі деп те жататындар бар.

«Қарттық кейде даналықтың белгісі болса, кейде ескіліктің, кейде ажал шегінде тұрған жалпы адами болмыстың да символы ретінде қарастырылды. Осы әрқилы бейнелер Абай өлеңдеріне де еніп, әлеуметтік-мәдени категория деңгейіне дейін өскен. Ақын қарттыққа ішінен де, сыртынан да бақылап, сөйлейді», деп жазыпты сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы Жас Алаш газетінде шыққан мақаласында.


Абай Құнанбайұлының танымал «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» немесе «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңдері ақынның небәрі 41 жасында (1886ж) жазылғанын  ескерсек, оның өлеңдеріне түрлі ракурста қарап көруге болатын сияқты.

Осы ретте Ult.kz Абайдың қарттық туралы бірнеше танымал өлеңдерін оқып, ой елегінен тағы бір мәрте өткізіп көру үшін ұсынады.

Сегіз аяқ (1888 жылы жазылған)

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра (1) ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ ойға олақ.

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл кердең наданның.

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз

Болмаған соң, айтпа сөз.

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде.

Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, беркін

Деп насихат бергенде,

Ұятсыз, арсыз салтынан,

Қалғып кетер артынан.

Аулаққа шықпай,

Сыбырлап бұқпай,

Мейірленбес еш сөзге.

Пайдасыз тақыл

Байлаусыз ақыл,

Атадан бала ойы өзге.

Санасыз, ойсыз, жарым ес,

Өз ойында ар емес.

Тасыса өсек,

Ысқыртса кесек,

Құмардан әбден шыққаны.

Күпілдек мақтан.

Табытын қаққан (2)

Аңдығаны, баққаны.

Ынсап, ұят, терең ой

Ойлаған жан жоқ, жауып қой.

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол бай тап,

Адам бол мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде.

Біріңді қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға

Қор қылма, қорға, татулас.

Өтірік, ұрлық,

Үкімет зорлық

Құрысын, көзің ашылмас.

Ұятың, арың оянсын,

Бұл сөзімді ойлансын.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын.

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып, құрып барасың.

Өтірік шағым толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой.

Жұмыссыз сандал,

Еріксіз малды ал

Деген кім бар сендерге?

Қулықты көргіш,

Сұмдықты білгіш

Табылар кісі жөн дерге.

Үш-төрт жылғы әдетің

Өзіңе болар жендетің.

Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

Қаңғыртты, қысты басымды.

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды.

Сүйеніп күлкі тоқтыққа,

Тартыпты өнер жоқтыққа.

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім,

Мақсұт алыс, өмір шақ.

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес.

Бір кісі мыңға,

Жөн кісі сұмға,

Әлі жетер заман жоқ.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым

Айғаймен кетті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өткен қу өмір.

Сөзуар білгіш,

Законшік, көргіш,

Атанбақ мақсұт, мақтанбақ.

Жасқанып, қорқып,

Жорғалап, жортып,

Именсе елің, баптанбақ.

Қарғағанын жер қылмақ,

Алдағанын зор қылмақ.

Хош, қорықты елің,

Қорқытқан сенің

Өнерің қайсы, айтып бер.

Ел аңдып сені,

Сен аңдып оны,

Қылт еткізбей бағып көр.

Ойнасшыл қатын болса қар,

Аңдыған ерде қала ма ар?

Көмексіз көзің,

Бір жалғыз өзің

Баға алмай, басың сандалар.

Бауырыңа тартқан,

Сырыңды айтқан

Сырласың сырт айналар.

Ол қаны бұзық ұры-қар,

Қапысын тауып сені алар.

Басы-көзі қан боп,

Арқа-басы шаң боп,

Және тұрып жалпылдап;

Жығылып тұрып,

Буыны құрып,

Тағы қуып салпылдап

Абұйыр қайда, ар қайда?

Әз басыңа не пайда?

Ит үрсе, бала

Таяғын ала,

Қуады итпен кектесіп.

Ұрысқансып "ой" деп,

"Ұят" деп, "қой" деп,

Үлкендер тыяр "тек" десіп.

Оны білсең, мұның не?

Мен де ұят іс қылдым де.

Білгенге жол бос,

Болсайшы қол бос,

Талаптың дәмін татуға.

Білмеген соқыр,

Қайғысыз отыр,

Тамағы тойса жатуға.

Не ол емес, бұл емес,

Менің де күнім күн емес.

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тіліңді алмас,

Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын

Ұста, жетсін бұйрығың.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Жаяуы қапты,

Аттысы шапты,

Қайрылып сөзді кім ұқсын.

Іште дерт қалың,

Ауыздан жалын

Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.

Күйдірген соң шыдатпай,

Қоя ма екен жылатпай?

Мамықтан төсек,

Тастай боп кесек,

Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.

Сыбыр боп сөзі,

Мәз болып өзі,

Ойланар елдің сиқы жоқ.

Баяғы қулық, бір алдау,

Қысылған жерде жан жалдау.

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым тап шыным

(1) Бәһра (парсыша) пайда, білімнен үлес.

(2) Табытын қаққан Кісі өлімі сирей бастаса, мешіттің ашкез, надан мәзендері мешіт қоймасында тұратын өлген адамды салып шығаратын табытты таяқпен қағып, өлім шақыратын жаман әдеті болған. Ақын соны ауыспалы мағынасында қолданған.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім (1885 жылы жазылған)

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм (1) қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазаққа қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

(1) Махрұм бос, құр, бос қалу, құр қалу.

Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман (1886 жылы жазылған)

Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

Бай алады кезінде көп берем деп,

Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп.

Би мен болыс алады күшін сатып,

Мен қазақтан кегіңді әпперем деп.

Жарлы алады қызметпен өткерем деп,

Елубасы шар салып1, леп берем деп.

Жалаңқая жат мінез жау алады,

Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.

Дос алады бермесең бұлт берем деп,

Жауыңа қосылуға серт берем деп,

Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,

Не қылып оңайлықпен ырық берем деп.

Сұм-сұрқия сұмдықпен еп берем деп,

Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп.

Жүз қараға екі жүз аларман бар,

Бас қатар бас-аяғын тексерем деп.

Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,

Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп.

Қара қарға сықылды шуласар жұрт,

Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.

Бұзыларда ойламас бет көрем деп,

Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.

Қабағын итше өшігіп шыға келер,

Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.

Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,

Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп.

Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,

Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп.

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,

Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.

Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен,

Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?

Атаны бала аңдиды, ағаны іні,

Ит қорлық немене екен сүйткен күні?

Арын сатқан мал үшін антұрғанның

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.

Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.

Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар,

Паруардигәр жаратқан несін жан қып!

Ант ішін күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрысын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,

Өз үйінде шертиген паңы құрсын.

(1) Елу үйдің атынан сайланған елубасылар кішкене тасты (шарды) екі ұялы жәшікке салу арқылы болысты сайлауға дауыстарын беретін болған. Оны жұрт сол кезде «шар салу» деп атаған.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек (1886 жылы жазылған)

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың ашыған у, ойың кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы өле көрмек.

Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,

Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?

Наданға арам ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Қызыл арай (1), ақ күміс, алтын бергек

Қызықты ертегіге көтерілмек.

Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,

Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені көппен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір-екі жолы болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

(1) Арай (парсыша) көркем, әдемі.