Фото: жеке мұрағат
Жазушы Болат Жүнісбеков жақында жарық көрген «Күнге асығу. Абай – Заманай сыры» атты роман-новелласының бірнеше данасын еліміздің бас кітап ордасы – Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты.
Хакім Абайдың 180 жылдығына орай жарық көрген бұл көлемді шығарма – мыңдардың арман-мұраты мен мұң-зарын мың біріншінің, яғни Абайдың және бірнеше ұрпақтың өкілі – Заманайдың жан сыры арқылы көркем бейнелеген туынды.
Туған халқын өркениет төрінен көргісі келген Абай мен сол идеяның жалғастығы – Заманайдың сыры арқылы автор оқу-білім мен ілім-ғылымның жасампаз күш екенін айқындайды. Бұл – жарық пен күнге бет бұрудың көркем символы.
Роман төрт тараудан тұрады: «Сүйіну», «Күйіну», «Суыну», «Сейілу». Әр тарау үш бөлімнен құралған новеллалар арқылы өрбиді.
Мәселен, Заманай «Сүйіну» тарауындағы «Келу», «Ояну», «Көру» бөлімдері мен «Күйіну» тарауындағы «Тану», «Айту», «Тақымдау» бөлімдерінде ұлт мұратын ортаға салады. Ал ел арманына деген сенімнің үзілуі мен қайта оралуы «Суыну» тарауындағы «Түршігу», «Түңілу», «Қайту» және «Сейілу» тарауындағы «Оралу», «Сергу», «Серпілу» бөлімдерінде бейнеленеді.
Роман-новелла «Айсыз түнде. Мың біріншінің мұңы» атты алғысөзбен басталып, «Таң алдында қараңғы. Ұлт болашағы – білімпаз ұрпақ» новелласымен түйінделеді.
Биыл – еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі елеулі жыл. Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының аталып өтуі – осының дәлелі. Бұл туындыда ата-баба арманымен, хакім Абайдың мұрат-мақсатымен және бүгінгі ұрпақтың тілегімен астасқан өркениетке бастар жол – оқу мен білімге ұмтылыс өзек етілген.
Бұған дейін Болат Жүнісбековтің Абай мұрасына арналған зерттеу еңбектері – «Абай сәулесі», «Ақиқат ұшқыны» жинақтары, сондай-ақ «Абайдың ақын ұлдары», «Алаш – АЛЖИР» кітаптары жарық көрген. Ол «Абай сәулесі» еңбегі үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Сонымен қатар, жазушы «У» роман-эссесі, «отАсу» роман-дилогиясы, «Шуақ», «Ғайып» кітаптары арқылы да оқырманға кеңінен таныс.
