Оңтүстіктегі Абай ауылында зорланған жеті жасар бала 1 қыркүйек күні мектепке барды. Бұл туралы ҚР парламенті сенатының депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бала оқып жатыр, мектепке барды. Бірақ баланың мүддесін ойлағандықтан, оның қайда тұратынын, қандай мектепте білім алып жатқанын айтпаймын", — деді ол.
Омбудсменнің айтуынша, баланы зорлаған жасөспірімдер де мектепте білім алуда.
"Біріншіден, олар ішкі істер органдарының қадағалауында. Оның үстіне білім беру процесі бізде міндетті. Конституция бойынша олар кез келген жағдайда орта білім алуы керек", — деп атап өтті Айтпаева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, әлемде сексуалды зорлық-зомбылыққа тосқауыл болатын жаза әлі табылмаған.
"Білесіздер ме, әлемде отбасы мен тұрмыста сексуалды зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоятын жаза әлі табылған жоқ. Зорлыққа қарсы күресте Швейцария, Швеция, Голландия, Франция, Эстония секілді елдердің тәжірибесі үздік саналғанмен, бұл мемлекеттерде де осындай жағдайлар кездесіп жатады. Бұл балалар (7 жасар баланы зорлағандар — автор ескерт.) өздерінің психикасын бұзу арқылы жазаланды. Өйткені, ең ауыр жаза — психикалық, эмоцианалды жаза", — деді омбудсмен.