07 там, 2025 сағат 10:28

Абай облысының тағы бір бренді пайда болды

Фото: Facebook.com

Абай облысының тағы бір аймақтық бренді пайда болды. Бұл туралы өңір басшысы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Ақсуат ауданының Тарбағатай тауы етегіндегі Елеке сазынан табылған мифтік алтын бұғы мүсіні енді облыстың кәдесыйлық символына айналмақ. Әкімнің айтуынша, бұл бейне түркі халықтарының тарихи жады мен мифологиясында ерекше орын алатын қасиетті аң саналады.

"Бұғы – түркі дүниетанымындағы аналық бастау, жол көрсетуші, аспанмен байланыс пен шыққан тектің символы. Оның бейнесі ру таңбаларында, көне өнер туындыларында және аңыз-әпсаналарда жиі кездеседі", – деп жазды Берік Уәли.


VI ғасырға тиесілі археологиялық олжа өңірдің көне дәуірден-ақ өркениеттің ошағы, саяси және мәдени орталық болғанын айғақтайды. Бұғы бейнесі бүгінгі күнге дейін халық жадында сақталып келген киелі рәміз.

Тарбағатайдың баурайынан табылған қасиетті алтын бұғы – ұлт жады мен тарихи танымды жаңғыртатын ерекше жәдігер, дейді өңір басшысы. Енді бұл бейне Абай облысының мәдени-тарихи құндылықтарының символы ретінде кеңінен насихатталады.