Фото: ТЖМ
Абай облысы Бородулиха ауданында өртенген үйден 34 жастағы ер адамның денесі табылды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғанындай, өрт 26 тамызда түнгі уақытта Бородулиха ауданындағы жер үйде шыққан.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл келіп жетті. Үйді шарпыған өрт қосалқы ғимарат пен көлікке де жайылып кетті. Алдын ала дерек бойынша өртенген аумақ 400 шаршы метрді құраған», - делінген ақпаратта.
Құтқарушылар үй ішінен ер адамның денесін тапты. Анықталғандай, ол 34 жастағы үй иесі.
Көп ұзамай қызыл жалын толықтай ауыздықталды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Осыған дейін ШҚО мен Алматы облысында 26 тонна шөп өртеніп кеткені хабарланды.