Фото: Абай облыстық ПД
Абай облысында КСРО төлқұжаты бар тұрғындар анықталды. Бұл туралы Абай облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы хабарлады.
Бұл жағдай 2024 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында азаматтығы жоқ және мәртебесі белгісіз адамдарды анықтау және құжаттау жөніндегі сәйкестендіру үшін өткізіліп жатқан науқанның екінші кезеңінің аясында анықталған.
Көп жағдайда бұл әртүрлі себептермен қиын өмірлік жағдайға тап болған, құжаттардың болмауына байланысты және әлеуметтік игіліктерге қол жеткізе алмайтын және ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ адамдар санаты екені айтылады.
"Абай облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы аудандық бөлімшелермен бірлесіп, құжаттарсыз тұратын 13 адамды, сондай-ақ 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарын анықтады, оның ішінде 2 азамат Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды алды.
Абай облысы Полиция департаменті қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасында тұратын жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береді", - делінген басқарма хабарында.