20 там, 2025 сағат 11:05

Абай облысында қайғылы жол апаты: 3 бала қаза тауып, 3 бала жарақат алды

Фото: caravan.kz

Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында ауыр жол апаты тіркелді. Үйдің маңында ойнап жүрген балаларды 55 жастағы «Toyota» автокөлігінің жүргізушісі қағып кеткен, деп хабарлайды Ult.kz.

Салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Тағы үш бала түрлі жарақат алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Медициналық сараптама оның масаң күйде болмағанын көрсетті. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды.

Президенттің тапсырмасымен Абай облысына Қорғаныс министрлігінің С-295 ұшағымен реаниматолог, нейрохирург және травматолог дәрігерлерден құралған арнайы бригада жіберілді. Қазір балаларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен аудан әкімі Ақылбек Башимбаев қара жамылған отбасыларға барып, көңіл айтты. Қайтыс болған балаларды жерлеу рәсімі толықтай әкімдік тарапынан ұйымдастырылады. Сондай-ақ ата-аналарына психологиялық және материалдық қолдау көрсетілмек.

Облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов пен арнайы құрылған топ оқиға орнында жұмыс жүргізуде. Әкімдік қаза тапқандардың отбасыларын ерекше бақылауға алатынын мәлімдеді.