- «Kazakh TV» еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі, экономикасы және бірегей табиғаты туралы танымдық бағдарламаларға негізгі екпін қоятын болады. Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тілшілерге берген сұхбатында мәлім етті.
«Kazakh TV» әлемнің 100-ден астам елінде хабар таратып келеді. Бұл бірегей мүмкіндік, яғни мақсатты аудитория 300 миллион адамға жуық. Осы аудитория үшін Қазақстанның брендін, жалпы елімізді мәдениет насихаттауда телеарна маңызды рөл атқарады»,-деді министр.
Сонымен қатар Д. Абаев егер де осы телеарнаның тілшісі болған жағдайда Қазақстан тарихы туралы кеңінен мәлімет беруге мән беретіндігін атап өтті.
«Мұнымен қоса, Қазақстанның 25 жылдағы жетістігі туралы жобаны іске асырар едім. Атап айтқанда, Астана туралы, түрлі ірі жобалардың құрылысы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы ауқымды жұмыстарды қамтып өтер едім. Яғни, жүзеге асыруы соншалықты қиын болғанымен, іске қосылған жобаларды кеңінен көрсетуге тырысамын»,-деді ведомство басшысы.
Телеарнаға қойылатын бірінші талаптың бірі - елімізді шетелдік аудиторияға кеңінен таныту. Министрдің сөзіне қарағанда, «Kazakh TV» арнасында қазақстандық жаңалықтар 15 пайызға дейін қысқартылады. Себебі, күнделікті жаңалықтар шетел аудиториясына қызықты болмағындықтан, көрермендер назарына барынша қызықты материалдар ұсынылады. Осы ретте шет мемлекеттерден туристер мен инвестиция тартуға мән беріледі.
«Сондықтан да еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі, экономикасы және бірегей табиғаты туралы танымдық бағдарламаларға негізгі екпін қойылады. Жаңа жобалар Қазақстанның туристік және инвестициялық тартымдылығын арттырады. Ол тек шетедіктерге ғана емес, сонымен қатар еліміздің азаматтары үшін де қызықты болады»,-деді министр.
Айта кетейік, бүгін Дәурен Абаевтың қатысуымен жаңарған «Kazakh TV» арнасы ресми түрде іске қосылды.
«Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналары бір «Kazakh TV» атауымен таралады. Арна Қазақстан тарихы, мәдениет, дәстүр, туралы бағдарламаларын көрсетілімін жалғастырады. Арна HotBird 13B, Galaxy 19 және AsiaSat 5 спутниктік платформасының көмегімен қазақ және ағылшын тілдерінде эфирге шығады. Отандық көрермендерге қазақ және орыс тілдерінде спутниктік және кабелдік арналар арқылы қолжетімді болады.
Жаңа телевизиялық маусымда арна контенті шетелдік бизнестің келешегі, бизнес және демалыс үшін туристік секторлар мүмкіндігіне тоқталатын, сондай-ақ Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын бейнелейтін тақырыптық блоктарға бөлініп толығады.
«KAZAKH TV» өзінің алғашқы көрсетілімін 2002 жылдың 25 қазаны күні бастады. «Хабар», «Хабар 24» арналарымен қатар «Kazakh TV» арнасы «Хабар» Агенттігі» АҚ телеотбасының бір бөлігі болып табылады. Спутниктік арна көмегімен әлемнің 118 мемлекетіне тарайды. Олардың арасында Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Австралия және Мұхит елдері, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ елдері бар. Арна форматы - ақпараттық-танымдық.