«Біз бүкіл ел болып бірігу арқылы терроризмге тойтарыс бере аламыз. Бұл туралы бүгін Алматыда лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқан полиция қызметкерлері Аян Ғалиев пен Ғани Нұримановты ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын барысында саясаткер, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айдос Сарым мәлім етті», — деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Соңғы кездері елімізде өкінішке қарай, осындай қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Сондықтан мұндай лаңкестік әрекеттер қайталанбас үшін, мықтап ойланатын, үлкен де кешенді шаралар қабылдайтын кез жетті. Ұзақ жылдар елімізде дәстүрлі емес діндер, радикалды ағымдар тамырын жайып үлгерді. Бүгін соның нәтижесін көріп отырғандаймыз. Енді, болашақта лаңкестік әрекеттерге жол бермес үшін ел болып, қоғам болып ұйысуымыз қажет. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ел намысын, мемлекеттің мүддесін, ертеңіне алаңдамай қорғауын қамтамасыз ететіндей еңбек жасауымыз қажет», — деді А. Сарым.