Бүгін Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков тұрғындар алдында қорытынды есепті жиынын өткізіп, жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала әкімі Т. Қайнарбеков 60 мыңнан астам тұрғыны бар Қапшағайда өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның хабарлауынша, өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 50 млрд. теңгеге жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда 132,3 % құраған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,8 млрд. теңгеге жетіп, оның ішінде бюджеттен тыс инвестиция 51,2% болды. Жүзеге асырылған жобалардың ішінде «АННАР» жел электр станциясы, «Грин Лэнд Алатау» ЖШС мен «LSTmarket» жылыжайларын кеңейтудің 2-ші кезеңдерін атап өтуге болады. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру барысында 145 жаңа жұмыс орны құрылған.
Қазіргі кезде өнеркәсіп өндірісі әлеуетін арттыру мақсатында қаланы бірнеше секторға бөліп қарастырып, дамыту жоспарланып отыр. Олар: Қапшағай өңірі, Заречный ауылдық округі және «Арна» индустриалды аймағы.
Сонымен қатар шағын және орта бизнесті, туризмді дамыту қала экономикасын құрайтын негізгі салалардың бірі. Бүгінгі күні қалада 3408 шағын және орта бизнес нысаны болса, онда 16,3 мың адам жұмыс істейді. Олар өткен жылы олар шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемінің құны 12,2 млрд. теңге болды. Бұл бюджет түсімінің 60 % құрап отыр.
Қапшағай су қоймасы аумағында туризм инфрақұрылымының 187 нысаны орналасқан. Ол жерлерде 9 қонақ үй, 8 ойын ғимараттары, 3 слод-клуб қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта туризмді дамыту мақсатында көл жағалауларын дамыту, сапалы қызмет көрсету, қолжетімді демалыс аймақтарын қалыптастыру жұмысы жандандырылатын болады.
265 млн. теңгеге екі жағажайдың пилоттық жобасы дайындалған. Іле өзенінің жағалауында балық аулау мен демалысты ұйымдастыру мақсатында «Эксим Коммерс Групп» ЖШС базасын ашу жоспарланған. Оған тартылатын инвестиция сомасы 20,0 млн.теңгені құрап, 35 жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.
Т. Қайнарбековтің есепті баяндамасынан кейін сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысы тапсырмаларының облыста орындалу барысы туралы айта келе:
- Қапшағай – географиялық орналасуы жағынан, экономикалық даму, туризмді өркендету жағынан мүмкіндігі зор аймақ. Қала әкімінің 2017 жылға жасаған жоспарларын өткен жылдың соңында аудан, қала әкімдерінің тыңдауын өткізген кезде де бірге талқылағанбыз. Бағыты дұрыс, жоспарлары анық. Өнеркәсіп аймақтарын өркендету, инвесторлар тарту, қаланы көріктендіру, көл жағалауын дамыту, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік нысандар салу басқа да айқын жоспарларын қолдап, қажетті қолдау көрсетеміз. Өнеркәсіп алаңдарында жаңа кәсіпорындар ашылады. Қапшағайдың заман талабына сай Мәдениет үйі бой көтеретін күн де алыс емес. Саябақтарыңыз жаңаша келбетке енеді. Талғат Қайнарбековтің жұмысына сәттілік тілейміз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекер айтылмаған. Неғұрлым халықпен етене аралассаң, жақын болсаң, тұрғындар ісіңе әрқашан көмекші болады, қажет жерінде кеңес береді, сондықтан халықпен түсіністе жұмыс істеу керек, - деді.
Мұнан соң жиында қала тұрғындары тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. Атап айтқанда, қаланың шеткі көшелерін жөндеу, көшені жарықтандыру, қаланың алыс аудандарына мектеп салу, тұрғын үй құрылысын жүргізетін құрылыс компаниясы тарапынан инфрақұрылым жүргізуге көмек сұрау сияқты бірқатар сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Жиында қала тұрғындары әкім Талғат Қайнарбековтің жұмысына қанағаттарлық деген баға берді.