13 жел, 2018 сағат 15:23

75 мың студентті жатақханамен қалай қамтамасыз етеміз?

Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде студенттердің жағдайын жақсартуға тапсырма берген еді. Соның ішінде жатақхана салу мәселесін қозғаған болатын. 2022 жылға дейін елімізде 75 мың студентке жатақхана салынып бітуі тиіс. Мұнда тек тұратын жайдың болуы ғана емес, сонымен бірге жастардың мәдени және интеллектуалды дамуы үшін барлық қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй алаңдарын салу айтылып отыр. Елбасының бұл тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Бұрын әр оқу орнының, мейлі ол институт, техникум не мамандандырылған техучилище болсын, әрқайсысының өзінде білім алып жатқан студент, аспиранттарды жатқызатын жатақханасы болатын. Ол кезде басқа қаладан оқуға келген бала үшін жатақханадан орын алу қазіргідей үлкен пробелмаға айналмайтын. Ал бүгін студенттер үйінің бір бұрышынан кішкентай шаршы метрдің өзіне талас жоғары. Студенттер үйінің азаюына 90-жылдардағы жағдай қатты әсер етті. 1990-шы жылдары қайта ұйымдастырылған кәсіпорындар мен оқу орындарының көптеген жатақханалары тұрғын үй қорынан алынды. Олар қонақ үйлерге, коммерциялық және басқа нысандарға айналдырылды. Кейбірі жекеменшікке өтіп, бұзылды да. Қазір бұрынғы студенттер үйінің орнында сауда орындары, дүкендер мен офистар, тұрғын үйлер салынып тасталған. Қазір шетелдік студенттер көп келген сайын өзіміздің студенттерге жатақханадан орын азайып жатыр. Кей зерттеулерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысының студенттері оқуын жалғастыру үшін шетелге кетуінің де себебі – осы. Студенттердің бұл жағдайын түсінген Елбасы 2022 жылға дейін 75 мың орны бар жатақхана салуды тапсырды.

Студенттер үйін салудың қиындығы қандай?

2018 жылы мектепті республика бойынша 136 900 түлек аяқтады. Ең көп мектеп бітірушілер Түркістан облысы мен Шымкент қаласында (34 200 адам), Алматы облысы (14 700 адам) мен Алматы қаласында (10 000) болған. 2017-2018 оқу жылының басында  елде 127 жоғары оқу орындары бар болатын. Маусым айындағы статистика бойынша онда 496 209 студент оқиды. Оның 41%-ы басқа қаладан келген. Оқу орындарының жалпы көлемі 5 746 195 шаршы метр болса, оның 23,3%-ын ғана жатақхана алып тұр. Ал жатақханаға мұқтаж студенттердің саны – 85 467. Оның 68 мыңы жатақханаларда тұрып жатыр. Студенттер үйінде тұрғысы келетіндер Алматы мен Астанада, Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан облысында, Қостанай мен Ақтөбе облысында көп.

Сарапшы Айгүл Садықова студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары туралы сөз қозғаған екен. Оның айтуынша, көптеген студент үйлері Кеңес кезінде салынған. Олардағы жағдайдың студенттерге аса ұнамайтыны мен басқа қаладан келіп оқитындарды есептегенде жатақханаға мұқтаж білімгерлердің саны әлдеқайда көп. Былай қарасақ, басқа қаладан келген әр студентке жатақхана керек-ақ. 2022 жылға дейінгі уақыттың көрсетілуі тегін емес. Өйткені жаңа құрылысқа орта есеппен 2,5-3 жыл уақыт кетеді. Бұл уақыттың ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы, оның сараптамасын, құрылысын, интерьерін безендіруді, жиһазды және іске қосуды әзірлеу жұмыстары жүрмек. Осы уақыт ішінде 75 мың орны бар жатақханаларды белгілі бір аймақта емес, республика бойынша салуды айтқанда мынадай заңды сауал туады. Барлық жоғары оқу орындары мен колледждер берілген уақытта сонша жатақхананы салып үлгере ала ма? Бұдан бөлек, жаңа құрылыс көп қаражатты талап етеді. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың мәлімдеметінше, студенттік тұрғын үйдің бір шаршы метр құрылысының құны 450-500 АҚШ долларын немесе 150-180 мың теңгені құрайды. Құрылыстың орташа құны 1,3 млрд. теңгеге бағаланады. Сондықтан жатақхана саларда жаңа құрылыс жағын ғана емес, бизнесмендердің, университет, колледждердің, жергілікті атқарушы органдардың, банктердің қамтамасыз ету базасын қайта құру мен жаңғыртуды да қарастыру керегін айтады Айгүл Садықова.

150 жатақхананың құрылыс бағдарламаса жасалды

Елімізде Елбасының әлеуметтік жобалар туралы үндеуіне орай, 150 жатақхана салуға құрылыс бағдарламасы жасалынды. ҚР БжҒМ «Қаржы орталығы» АҚ студенттік жатақханаларын пайдалану бөлімінің меңгерушісі Алпамыс Сатыбалдиннің айтуынша, Қостанай облысында 9 жатақхана салу жоспарланып отыр.

«Алты колледж бен жоғары оқу орнын, ал жанына жатақханаларын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір тек біреуін салуға инвестор таптық. Қалғандарын салуға кәсіпкерлер іздеп жатырмыз», – деді Алпамыс Сатыбалдин.

Елбасы қойған міндетті жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 152 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаржының әр тиынының жаратылу жөні бар. Салынған жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін бөлінген қаржы арнайы механизммен беріледі. Жатақхананы инвестор, колледж не университет салғанына қарай әр кереуетке 122 АЕК төленеді. Ал бұрыннан бар ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізсе, әр кереуетке 47 АЕК төленеді.

Егер сіз есеп айырысуды жүргізсеңіз, мемлекет бір кереуетке 318 мың теңге төлеуге дайын. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті егер қаржы тапса, жатақхана салуды жоспарлап отыр. «Қаржы орталығы» ғимараттың бір бөлігін коммерциялық үй-жай ретінде пайдалануға рұқсат етілген жатақхана құрылысына бизнесмендерді тартуды ұсынады. Яғни салынған жатақхананың бір бөлігін кіріс беріп тұратын коммерциялық мақсатқа жұмсауына болады. Бірақ ол үшін бизнесмен студент үйін салып беруі керек. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қостанай облысында 2,5 мың студентке жатақханадан орын қажет.

Студенттер үйінде орынның аздығы Маңғыстау облысы үшін де маңызды мәселенің бірі. Жатақханада тұруы тиіс студенттердің саны – 1600. Елбасы үндеуі халыққа жеткен соң, жатақхана құрылысы басталып кеткен. Жылдың соңына дейін 500 орындық екі жатақхана студенттер игілігіне беріледі.

Ал Шымкент қаласында 2021 жылға дейін жатақхана мәселесі толықтай шешілмек. Ол үшін қалада 8 500 орындық жатақханалар салынбақшы. Шымкентте 10 жоғары оқу орны мен 29 колледж бар. Онда 106 636 студент білім алып жатыр. Олардың тек 6 614-і ғана жатақханада тұрады екен. Дәл қазір жатақханадан 8 400 студент орын алғысы келеді. Жыл соңына дейін 500 орындық жатақхана пайдалануға беріледі. 500 және 200 орындық тағы екі жатақхананы салу туралы инвесторлармен меморандумға қол қойылған. Қала әкімдігі «Shymkent» ӘКК» АҚ инвестициясының есебінен Тұран ықшам ауданында 5000 орындық жатақхана салуға арналған жер телімін жобалаумен айналысып жатыр. 2019 жылы қалада 2 870 орындық жоғары оқу орнының студенттері мен 1 650 орындық колледж студентеріне арналған жатақхана құрылысы басталмақ.

Алматыда жыл соңына дейін үш жатақхана пайдалануға беріледі

2018 жылы оқу орындарына бөлінген гранттардың саны 69 000 болса, оның үштен бірі Алматы қаласындағы оқу орындарына тиесілі. Оңтүстік астанада 27 жоғары оқу орны мен 3 колледж бар. 14 университеттің жатақханасы оқу орнының өз қаражаты есебінен салынса, 10 оқу орнына қаржыны инвесторлар құяды. Жыл соңына дейін 3 оқу орнының жатақханалары пайдалануға берілмек. Осылайша 900 студент жатақханадан орын алады. Алматыда жатақханалар салуға 32 жер телімі бөлінбек. Оның 22-сін білім беру ұйымдары бөлсе, 10-ын әкімдіктер бөледі.

Павлодар облысында университеттер мен колледждердің 4000 студенті жатақханаға мұқтаж. Облыста 9 студенттер үйін салу жоспарланған. Онда жалпы 2 700 орын болады. Елбасы тапсырмасын жергілікті билік құрылысқа инвесторларды тарту арқылы орындамақ. Павлодарлықтар жатақхана мәселесінде білікті маман дайындап жатқан колледж студенттеріне көбірек көңіл бөлмек. Алайда жоғары оқу орындарының студенттері де назардан тыс қалмайды. Павлодар университетінде 7 000 студент оқиды. Ал берілгені екі-ақ жатақхана. Униерситет  үшін тағы да 500 орындық жатақхана салынады.

Қыркүйек айында Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің 3-4-курс студенттеріне жатақханадан орын жетпей қалғаны белгілі. Оқу орнындағы студенттер үйлерінде 1 331 орын қарастырылған. Проректор Амантай Сейтқасымовтың айтуынша, университетте 750 адам жатақханаға мұқтаж. Алайда келер жылдан бастап аталған оқу орнының студенттеріне арнап 500 орындық жатақхана құрылысы басталады. Қазір аграрлық-экономикалық факультет ғимаратының жанынан жер телімі белгіленіп қойған. Бұл секциялық бөлмелері бар бес қабатты студенттер үйі болмақ.

Президент «білім беру жүйесін үздік халықаралық стандарттарға сәйкес құру кезінде оқушылардың жағдайына және тұрғылықты жеріне назар аудару керек» деген. Яғни білім берудің әлемдік деңгейіне өту барысында студенттердің өмір сүру жағдайы өткен шақта қалып қоймауы тиіс.