Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту жайы - әлеуметтік маңызы жоғары істердің бірі. Күн санап медицина мен медициналық құрал-жабдықтар дамыған уақытта мүгедек жандарды емдеу мен аяғынан тік тұрғызу жайы назардан тыс қалып жатқан жоқ.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді өмірге тарта отырып, олардың өздерін қоғамның толық мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінулеріне жағдай жасау қажеттігін талмай айтып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Ел өңірлерінде мүгедек жандарға арналған оңалту орталықтары көптеп ашылды. Онда барып оңалту шаралары, жеке жаттығулардың нәтижесінде жағдайы жақсарып, өзін-өзі күтіп-бағу дәрежесіне жеткен жандар да бар. Осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету - қоғамның бір парызы деуге болады. Оның бір айқын мысалы ретінде Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада емделіп, аяғынан тік тұрған Жеңіс Алтынайдың тағдыр жолын айтуға болады.
Ақ халатты абзал жандардың талай мәрте адам өміріне араша болып, ғажайып жасап жататынын фильмдер мен кітаптардан көрген шығарсыздар. Ал өмірде болған осы оқиғада жеті жыл бойы жүре алмай қалған қыз бен білікті хирург басты кейіпкерге айналып отыр. Оқырманға түсінікті болу үшін әңгіменің әлқиссасын Жеңіс Алтынай атты қыздың анасының баяндауынан бастауды дұрыс деп таптық. Екі баланың анасы, жалғыз басты Фарида Жанбайбекқызы қызының дертіне ем іздеп, жеті жыл бойы сабылған. 2011 жылы Жеңіс Алтынайға ревматоидты артрит деген диагноз қойылады. Ревмотологиялық орталықтарда, ауруханалар мен шипажайлардың барлығына дерлік барған анасы мен қызы дертіне ем таппай дал болады. Алтынай колледждің екінші курсына табан басқан сәтте, қазан айында жүре алмай қалады. Буын ауыруының асқынғаны соншалық, тізе бүгілген қалпы жазылмай қалған. Екі баланың анасы үйдегі балаларын асырау үшін жұмысын да бір сәтке тастай алмаған. Өзі жоқ кезде Алтынайға төрт жасар інісі қарайласқан көрінеді. Дәретхана суына дейін ағызып, тамағы мен керек-жарағын кенже ұлы әпкесіне өзі алып беріп отырған. Барар жер, басар тау қалмай, шара таппаған Фарида Жанбайбекқызы №4 ауруханаға бет бұрады. Іздегенге сұраған, клиниканың ортопедиялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Жұмағұлов Мейрамбек Оңғарұлын жолықтырады. Мәселенің анық-қанығын байқаған дәрігер қол ұшын созуға келіседі.
- Бармаған жеріміз қалмады. Қызымның жағдайы тыныштық бермеді. Қытайдан, Өзбекстаннан келген дәрігерлерге де апардым. Олар уақытша дәрі беріп, массаж жасады. Дегенмен нәтиже болмады. Керісінше, олардан кейін өзіміздің антибиотиктер тіпті әсер етпей қалып, реакция берді. Сөйтіп, №4 ауруханадағы Мейрамбек Оңғарұлы деген маманға бардым. Дәрігер ота жасау керектігін айтты, - деді Фарида Жанбайбекқызы.
Осы әңгіменің кәсіби дәрігердің тарапынан тыңдап, емделу процессі жайлы толық мағұлматты білу үшін №4 қалалық клиникалық ауруханасының ортопедиялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Жұмағұлов Мейрамбек Оңғарұлымен сұқбаттастық. Алтынайды тікелей мағынасында аяққа тұрғызған маман бұл оқиғаны өз нұсқасында жеткізді.
- Жеңіс Алтынай деген қыз анасымен бірге келді. Ең алғаш көргенде арбада отыр екен. Көп жылдар бойы орнынан тұра алмаған. Ревмотологиялық ауруға шалдыққан. Тізе буындары зақымданған. Ашылмайтындай бүгіліп қалған. Аяғы тек қана отыруға ғана жарайды. Жатқан кезде де бүгілген күйі жатады. Әп-әдемі кішкентай ғана қыз. Көрген кезде адам ретінде жүрегің ауырады. Сұрай келе қанша уақыт жүрмегенін анықтадық. Аурудың тарихымен таныстық. Бұлшық еті семіп қалған. Анасы жыларман болып келді. Осы қызға көмектесу керек болды. Содан кейін бөлімшедегі дәрігерлерді жинап, кішігірім консилиум жасадық. Бұл қызға қалай көмектесе аламыз, қалай орнына тұрғыза аламыз деп ақылдастық, ортақ шешімге келдік. Ең алдымен аяғын жазуымыз керек болды. Ота жасауға жоспар құрдық. Сол бойынша бір аяғын жазуға бел будық. Жоспарлы тексеруден кейін Алтынайды ауруханаға жатқызып, аяғына Илизаров аппаратын салдық. Ол аппаратты салу үшін де сызбасын дайындадық. Орнатқаннан кейін күніне бір милиметрден тізесін жазып отырдық. Бізге келген кезде аяғы толықтай бүгілуде болатын. Сонда ойлай беріңіз, күніне бір милиметрден қысқанның өзінде оны толықтай жазу үшін шыдамдылық керек. Қыз да, біз де тезірек нәтижесін көргіміз келеді. Бірақ, егер оны бір милиметрден артық созатын болсақ, ол жердегі қысқарып қалған жүйке талшықтары, қан тамырлары үзіліп кетіп, мүлде ағзаға жұмыс істемей қоюы мүмкін. Тіпті содан кейін аяғын мүлде алып тастау керек болады. Сол себепті де бәрін ұқыптылықпен, аңдып басып,сабырлы болуға тура келді, - дейді.
- 100-90 күн дегенде бір аяғын толықтай 180 градусқа жаздық. Аппаратты шештік. Содан кейін бір аяғына тұрып көруін сұрадым. Алайда бұлшық еттері әбден семіп қалған қыздың оған шамасы келмеді. Қолында да күш жоқ. Одан кейін екінші аяғына да ота жасап, Илизаров аппаратын салдық. Сөйтіп бір милиметрлеп жүріп екінші аяғын да 90-100 күн бойы тарттық. Ақыры екі аяғын да түзеп алдық. Енді ең болмаса жатқанда аяғы түзу жататын болды. Қыз қатты қуанды. Оны көріп біздің де көңіліміз көтерілді. Біраз уақыттан кейін тұрып, жүруі керектігін айттым. Оңалту бөліміне жібердік. Сол жерде біраз ем алды. Әрбір науқасты есіңе сақтап жүрмейсің ғой. Бір күні ота жасау бөлмесінен шығып келе жатсам біреу “аға, аға”, - деп айқайлайды. Қарасам, жаңағы қыз балдаққа сүйеніп келе жатыр. “Аға, мен жүріп келе жатырмын. Сізбен бірге суретке түсу үшін келдім”, - деді. Алдынан шығуыма да болатын еді, бірақ өзі соңына дейін еңбектеніп, бөлімшеге дейін келсін дедім. Кіргеннен кейін анасы да келді. Өзінің тұрғанын, жүргенін айтып қуанды. Бұрынғыдай жүгіріп кетпесе де, қаншама жыл жатқан адамға осының өзі үлкен нәтиже деп айтуға болады. Оны көргеннен кейін өзім де ерекше сезім кештім. Аяқты түзеп қою бір бөлек, ал содан кейін қайта жүруді үйрену үшін жігер керек, қайрат керек. Оны енді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көзбен көру керек тек.
Бұл енді менің ғана еңбегім емес. Бүкіл бөлімшенің дәрігерлері бар, медбикелері бар, оңалту бөлімінің дәрігерлері бар жалпы бір ұжымның істеген жұмысының нәтижесі бұл, - дейді дәрігер.
Міне, кішкентай қыздың басынан өткен кішкентай ғажайып осы. Нағыз дәрігерлердің өзін көрсететін де осындай сәттер. Біреуге қуаныш сыйлау, біреуге үміт беру. Ал сол кішкентай үміттің ар жағында орасон зор еңбек жатыр.
Абзал СҮЛЕЙМЕН