10 қаз, 2025 сағат 11:37

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында баспана сатып алуға арналған лимиттер ұлғайтылды


Фото: 7kun.kz

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі ҚҰБ) «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені туралы хабарлайды. Бұл туралы Ұлттық Банкке сілтеме жасап Ult.kz хабарлайды.

Ұлттық Банк Басқармасының қаулысында мынадай өзгерістер:

- Астана, Алматы қалалары және олардың қала маңы аймақтары, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнын 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге дейін;

- Қарағанды қаласы үшін 20 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін;

- басқа өңірлер үшін 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделеді;

- қарыз алушыларға төлем қабілеттілігін растау үшін тең қарыз алушыны (тең қарыз алушыларды) ғана емес, кепілгерді де тарту мүмкіндігі беріледі.

Бұл нормалар ипотекалық тұрғын үй қарыздарының қолжетімділігін арттыру және тұрғын үйді сатып алу шарттарын жақсарту үшін енгізіледі.

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлерi мен Бағдарламаның қаулымен қозғалмаған талаптары өзгерiссiз қалады.

«7-20-25» бағдарламасы азаматтарды 20%-дан басталған бастапқы жарнасы кезінде мерзімі 25 жылға дейінгі жеңілдігі бар жылдық 7% мөлшерлемесімен қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы іске қосылды.

2025 жылғы 2 қазандағы жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде 1,1 трлн теңге сомаға 81,8 мың жеңілдігі бар қарыз берілді.

Қаулының толық мәтінімен ҚҰБ ресми интернет-ресурсында танысуға болады.

Өзгерістер мен толықтырулар қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді.