25 сәу, 2018 сағат 15:50

"7-20-25" бағдарламасы бойынша берілетін несие сомасы аталды

Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасы бойынша берілетін несиелердің максималдық сомасы белгілі болды, - деп хабарлайды Tenginews.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, ірі қалаларда тұрғын үйдің максималдық бағасы - 25 миллион теңге, ал өңірлерде - 15 миллион теңге болады.

"Қазір біз тұрғын үйдің максималдық бағаларын бекіттік. Ірі қалаларда тұрғын үй бағасы 25 миллион теңгеге дейін барады деп отырмыз. Яғни, Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларында. Қалған өңірлерде - 15 миллион теңге. Осы мәліметтерге қарай отырып және алғашқы жарнаның төленгенін ескерсек, қазақстандық пәтерді 25 миллион теңгеге алатын болса, оның несиесі 20 миллион теңге, ал 15 миллион теңгеге алатын болса, несие сомасы 12 миллион теңге болатынын көріп отырмыз", - деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, Олег Смоляков бағдарламаның осы жылдың екінші жартысында жүзеге асырылатынын айтты.

"Бағдарлама мамыр айында қабылданады деп күтіп отырмыз. Қазір біз жалпы банктермен шарттарға қатысты мәселелерді тексеріп жатырмыз. Осы жылдың екінші жартысынан бастап бағдарлама жүзеге асырылады деп отырмыз. Сол уақытқа дейін осы несиелерді алатын еншілес ұйымдарды құрамыз деп ойлаймын", - дейді Олег Смоляков.

Еске сала кетейік, наурыз айының басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй ипотекасын қолжетімді ете алатын жаңа "7-20-25" бағдарламасын таныстырған болатын. 

"(...) Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек.", - деп түсіндірген еді Назарбаев.

Сондай-ақ, осыған дейін "7-20-25" ипотекасы қашан беріле бастайтыны айтылған еді.