Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге қандай шарттар бойынша жеңілдетілген несие берілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі жағдайда бизнесті қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бірқатар қолдау шарасын қабылдады. Экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың аяғына дейін кешенді жоспар іске асырыла бастады. Өткен аптада Парламент Сенаты бизнес-климатты жақсарту жөніндегі заңнамалық бастамалардың кезекті сегізінші пакетін қабылдады. Сонымен бірге өңірлердегі бизнес өкілдерімен кездесу шеңберінде қосымша шешуді талап ететін мәселелер қаралды», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, бұл мәселелер салықтық әкімшілендіруге, несиелер бойынша қаржы жүктемесін төмендетуге, ішкі нарықты кеңейтуге, жеңілдетілген несие беруге және басқа да сұрақтарды қамтиды.
«Осы сұрақтарды жүйелеу бойынша бизнесті қолдау үшін қосымша шаралар пакеті бірнеше рет талқыланып, дайындалды. Ерекше атап өтерлік жағдай – осы жылдың шілде айында микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде жаңа бағыт іске қосылады. Несиелер екінші деңгейлі банктердің және микроқаржылық ұйымдардың қаражаты есебінен беріледі. Оператор – «Даму» қоры. Несиелер айналым қаражатты толықтыру және инвестициялық мақсатта 5 миллион және 20 миллион теңгеге дейін берілетін болады. Соңғы ставкасы – 6 пайыз. Негізгі қарыз мөлшеріне 80 пайызға дейін мемлекет тарапынан кепілдік берілетін болады», - деді ол.