Биыл «Қазатомөндіріс» компаниясының акцияларын сатып алуға ниетті қазақстандықтардың саны көп болған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі дирекция басшысы Алмасадам Сатқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазатомөндіріс – әлемдегі уран индустриясының көшбасшысы. Мен оны нарықтың қазіргі аумалы-төкпелілігіне қарамастан, кез келген акцияларын сатылымда жақсы өткізе алатын компанияның бірі деп айтар едім», - деді Алмасадам Сатқалиев тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, компанияға қатысты бір рет ІРО, екі рет SPO өткізілген. Осылайша, Лондон қор биржасында, «Астана ХҚО»-да компанияның 25 пайызы сатылған.
«Сарапшылар мен қаржылық аналитиктердің бағалауынша, соңғы рет сатылған акциялардың 6,28 пайызы бірегей сатылым болып отыр. Яғни біз әлеуетті сатып алушылармен алдын ала жұмыстарын жақсы жүргізіп, қазақстандықтардың ол сатылымға қатыса алуына ерекше жағдай жасадық. Шетелдік инвесторларға қарағанда қазақстандықтарға көбірек уақыт берілді.
Бұл жерде екі жағдайды ерекше атап өтуге болады. 2019 жылы сатып алу бойынша қазақстандықтардан 121 өтінім келсе, 2020 жылы 564 өтінім түскен. Яғни өзінің инвестициялық салымын банк депозиттеріне ғана емес, акцияларға да салғысы келетін отандастарымыздың саны еселеп артып келе жатқанын атап өту керек», - деді ол.