ҚР Ұлттық банкі 500 және 1000 теңге номиналындағы банкноттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2006 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып табылады. Оларды төлемнің барлық түрі бойынша қабылдауға міндетті. Егер кәсіпкерлер мұндай ақшаны қабылдаудан бас тартса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес, ескерту жасалады. Егер жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, онда 5-тен 25 АЕК (1 АЕК – 2651 теңге) көлеміне дейін айыппұл салынады», – деп хабарлады Ұлттық банктен.
Мұндай шағыммен азаматтар Ұлттық банктің ең жақын бөлімшесіне жүгіне алады. Олар қажетті шараны қолданады.
Сондай-ақ Ұлттық банктің хабарлауынша, «Күлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналып, 2013 жылы шығарылған 1000 теңгелік банкнот – заңды төлем құралы. Ол төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануы тиіс. Банкноттар тек әбден тозған жағдайда айналымнан алынады.
Екінші деңгейлі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банкноттарды қабылдаудан, айырбастаудан бас тартса, оларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
«Ақшаны алмаған жағдайда мұны видеоға түсіріп, не болмаса сізден бұл ақшаны қабылдай алмайтынын жазбаша жазып беруін талап етіңіз», - дейді Ұлттық банктегілер.
500 теңгелік банкноттар 2020 жылдың 10 маусымына дейін айналымда болады.