Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мамандарды ауылға тарту үшін «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. Былтыр 4 мыңнан астам маман 1 200 ауылда жұмысын бастады. Бұл тұрғыда мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері, сондай-ақ ветеринарлар мен агрономдар қамтылды», - деді Р. Дәленов онлайн режимде халық алдында есеп беру барысында.
Олар үшін баспанаға бюджеттік несие түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның жоғары сомасы жыл сайын артып келеді. Бүгінде оның көлемі 4,1 млн теңгені құрады. Несиелеу ставкасы 15 жылға 0,01 пайызды құрады.
Сонымен қатар Р. Дәленов жоба аясында көшетіндерге арнайы ақы қарастырылғанын еске салды.
«Биыл баспанаға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларымен тағы да 5 мың жас маман қамтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жастар жылы» аясында қаржыландыру көлемі төрттен бір бөлікке артып, биыл оның сомасы 20 млрд теңгеге жетті», - деді ведомство басшысы.