30 сәу, 2024 сағат 13:31

Adam-ның "Жүрегі" 5 млрд адамның жүрегін жаулады


Қазақстандық әнші Adam-ның «Жүрек» атты әні бүкіл әлемге танылды. Кейінгі мәлімет бойынша әншінің хиті әлеуметтік желілерде 5 млрд рет тыңдалған, ал бейнебаяны 55 миллионнан астам қаралым жинаған. Түрлі әлеуметтік желіде 4,5 қолданушы «Жүрек» әнін пайдаланып, қысқа бейнебаяндар түсірген.

Әлемді өз хитімен баурап жүрген әнші кім?

Adam есімімен танымал Фарух Тохтамуратов Жамбыл облысы Меркі ауылының тумасы. Тегі - этникалық өзбек. Айтуынша, ол ешқашан музыкамен кәсіби түрде айналыспаған. Бұған дейін ол құрылыс бойынша түрлі жұмыстарды атқарған. Ағасымен тендерге қатысып, Talan Towers-тің есіктерін жасап берген.

Дегенмен, әнші студент кезінде Алматының әртүрлі мейрамханаларында орындаушы болып нәпақа тапқанын айтады. Тек 2019 жылдан бастап ол өнер жолына бет бұрып, орыс тілінде әндер шығарған. Бірақ оның ешбірі хитке айналмаған, қиындықтардан шаршаған ол тіпті кейде музыканы мүлде тастасам ба деген ойы болғанын да жасырмады. 

«Қазақ әні әлемдік хит болғанына ризамын»

Әнші өз туындысының мұндай феноменге айналғанына таңқалғанын жасырмады. Оның ойынша, жүректен шыққан ән миллиондардың жүрегіне жол таба білді. 

«Ән Қазақстанда әйгілі болады деп болжадық. Өйткені басты акцент осыған ел ішіне қойылды. Біз премьера алдында әнді тыңдаған достар мен туыстарымыздың көзқарасына назар аудардық. Олардың таңданысы керемет, оң болды. Бірақ, бұл тректің world shazam-ға, әлемдік чарттарға түскені үлкен тосынсый болды, және біз әлемдік чартқа қазақ трегі енгеніне өте қуаныштымыз», - дейді ол.


Ол өзін қайтпас қайсар адам деп есептейді. Яғни бірдеңені қолға алса, ешқашан соны соңына дейін жеткізбей қоймайды. Хит әндердің шығуына осы қасиеті көмектескеніне сенімді.

«Менің бойымда екі адам өмір сүреді. Біреуі – Фарух, біреуі – Adam. Фарух Adam-ға ән жазады, оны алға сүйрейді», - дейді әнші. 


Фарух бұған дейін де орысша әндер жазып, орындап келген. Алайда дәл қазақша әні осылай әлемдік хитке айналғанына дән риза.

Ән айтумен қатар Adam жылқы асырайды екен. Бұл оның жан қалауы, әрі тиімді бизнес екенін жасырмады. 

Еуропаға тур

Алда Adam Еуропа мен Азияға гастрольдік сапарға аттанбақ. Бұл оның Еуропаға тұңғыш сапары, әрі бірден гастрольдік сапар. Енді әнші Ганновер, Дублин, Мадрид, Барселона, Италия қалаларында ән шырқайды.

Қазірде әншінің хиті Европа+ чартына қосылған, осылайша 67 елде қазақтың "Жүрек" әні шырқалуда.