19 мау, 2024 сағат 14:28

Алматы облысында тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 41,2 мың адамға жетті

Фото:eurasiatoday.ru

Көші-қон ағыны мен демографиялық өсімнің әсерінен Алматы облысындағы тұрғын үй кезегі жыл сайын 4-5 мың адамға артып, биылғы жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша өңірде үй кезегінде тұрғандардың саны 41,2 мың адамға жетті. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысын іске асыруға жалпы республика бойынша 272,0 млрд. теңге, оның ішінде Алматы облысы үшін - 11,4 млрд. теңге көзделген. Яғни, өзге облыстар үшін тұрғын үй сатып алуға қаражат айтарлықтай жоғары бөлінді. Мәселен, Атырау – 707,6 мың халқы бар - 12,6 млрд. теңге; Ақтөбе - 942,7 мың халқы бар 13,7 млрд. теңге бөлінді; Қызылорда - 843,9 мың халқы бар 20,7 млрд. теңге; Павлодар – 753,6 халқы бар мың адамға 12,9 млрд. теңге. Жоғарыда аталған өңірлер үшін бұл қаражат 1,5 млн. халқы бар Алматы облысына қарағанда едәуір жоғары", -деген депутат қарастырылған қаражат басқа өңірлермен салыстырғанда халық санына пропорционалды емес екенін атап өтті.


 Алматы облысы халық саны (1537,9 мың адам) және халықтың әлеуметтік осал топтары азаматтарының саны (283,6 мың адам) бойынша республикада Алматы қаласы мен Түркістан облысынан кейін үшінші орында тұр. 
2024 жылы 901,9 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда екен, оның ішінде бюджет есебінен 129,1 мың шаршы метрге 1618 пәтер (61 үй) салынбақ.

ҚР Үкіметінің экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары шеңберінде 2024 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы 272,0 млрд.теңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру есебінен тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайту жөніндегі шара көзделген. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы қаражаттан Алматы облысы үшін халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары үшін 989 пәтерді сатып алуға 16,2 млрд. теңге қолдады.

"Сондай-ақ, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №11 бұйрығымен бекітілген Ережелердің талаптарына сәйкес келетін облыс аумағында 2 120 пәтер жеткілікті тұрғын үй бар екенін хабарлаймыз. Жоғарыда айтылғандарға байланысты өңірлер бөлінісінде республикалық бюджет қаражатынан пулды (272 млрд. теңге) қайта қарау және Алматы облысының (1,54 млн. халқы бар 700 пәтерге 11,4 млрд. теңге) қажеттілігі үшін қаржыландыруды ұлғайту, яғни қаражатты халық санына пропорционалды бөлу керек деп санаймыз.Тұрғын үй салу және пайдалануға беру халықты өз тұрғын үйімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде халықтың әлеуметтік осал топтарының санаттарына пәтер сатып алу үшін қосымша қаржыландыру мәселесіне ықпал етуіңізді сұраймын!" -деп Ж. Әшімжанов депутаттық сауалын ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Б. Шарлапаевқа жолдады.